Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Түркиялық дәрігер әрі профессор Ертұғырыл Окуян Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлерімен бірлесіп екі науқастың жүрегіне ота жасады.
Түркиядан келген дәрігер жүректің жүре пайда болған сырқаты аорта қақпақшасының стенозы бар пациенттерге эндоваскулярлық аорталық қақпақшаны импланттау бойынша 70 және 80 жастағы науқастарға операция жасап, тәжірибесімен бөлісті.
Рентгенэндоваскулярлық операция жасау блогының меңгерушісі Алексей Колесниковтің айтуынша, аорта қақпақшасының стенозы қанның сол жақ қарыншадан қалыпты ағуына кедергі болатын аорта қақпақшасы саңылауының тарылуымен сипатталатын күрделі ауру.
Алматыда жүректің осы ауруына қатысты ота жасау кенжелеп тұр. Бізге қарағанда Нұр-Сұлтан қаласындағы әріптестеріміз көш ілгері. Бүгін түркиялық әріптестеріміз осындай отаны жасап, тәжірибелерімен бөлісуде. Бұл патологияға, әдетте, егде жастағы адамдар шалдығады, - дейді ол.
Науқастардың 40%-дайы жалпы наркозбен, кеуде қуысын ашу, ағзаны жасанды қанайналымға ауыстыру секілді жасалатын әдеттегі операцияны көтере алмайды екен. Операциядан кейінгі кезең де ауыр болады. Аорталық қақпақшаны импланттау осындай қауіптердің барлығын азайтады және ол тіпті ашық жүрекке операция жасауға қарсы көрсетілімі бар 75 жастан жоғары ауыр аорталық стенозына шалдыққан адамдарға да келеді.
Сонымен қатар, ол операция аз инвазивті әдіспен жасалатынын және оның нәтижесі жоғары болатынын айтады.
Операция жасалғаннан кейін науқастың күйі мейлінше жақсарғандығы байқалады. Кеуде қуысындағы ауыру сезімі, талып қалу және демігу секілді белгілер толығымен жойылып кетеді. 5 күннен кейін клиникаға шығарылады, - дейді дәрігер.
Аорта қақпақшасын транскатетерлік импланттау (TAVI) – аорта қақпақшасын жасанды биологиялық ауыстырудың аз инвазивті заманауи тәсілі. Жүрек біраз уақыт қанайналымның бұзылысын теңгерте алады. Алайда, ерте ме, кеш пе: стенокардия синдромы, талып қалу, жүректің қатты соғуы, демігу пайда болады. Дәрі-дәрмек арқылы пациенттің жағдайын аздап қана жеңілдетуге болады, бірақ оны түгелімен өзгерту мүмкін емес. Аорта кемістігін емдеудің тиімді тәсілі қақпақшаны протезбен алмастыру болып табылады. Жеткізу жүйесі алынып тасталады, қақпақша өз қызметін бастайды. Операция шамамен 90 минут жасалады.
Профессор Ертугрул Окуян – Медицина ғылымдары университетінің кардиология кафедрасының меңгерушісі, Стамбул қаласы Bağcılar кардиология оқу-зерттеу клиникасы, Түрік кардиологтары қоғамы басқармасының мүшесі. Оның 100-ден астам еңбектері рецензияланатын халықаралық және отандық журналдарда жарияланған.
Түркиялық дәрігер отаның бұл түрі соңғы 10 жылда кең қолданыла бастағанын айтады.
Мұндай отаны алғаш француз дәрігерлері жасады. Бүгін біз қандас қазақ даласында осындай ота жасап, тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз. Қайткенімен туысқан халықпыз, сондықтан білгенімізбен бөлісуге даярмыз, - дейді түркиялық дәрігер.