Елордада Индонезия Республикасының Қазақстандағы елшілігі Индонезия тәуелсіздігінің 78 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Индонезияның Тәуелсіздік күнін еске алу мерекесіне орай Ту көтеру рәсімі болды. Индонезиялықтар елінің мемлекеттік әнұранын шырқады.
Индонезия Республикасының Қазақстандағы және Тәжікстандағы елшісі Мохамад Фаджрул Рахман құттықтау сөзінде отандастарын атаулы мерекемен құттықтады.
Индонезия халқының 78 жылдық тарихы бар. Бізге берілген әрбір сынақ білім алуға және өсуге мүмкіндік беретініне әрдайым сеніміміз мол. Біздің міндетіміз – саяси салада бірлікті сақтау. Келесі жылы сайлау өтеді. Сайлаудың маңызы өте зор, өйткені ол елдегі демократияның қалыпты жұмыс істеп жатқанының бір дәлелі. Economist Intelligence Unit (EIU) 2023 жылы жариялаған Демократия индексі 2022 деректері бойынша Индонезия - әлемдегі үшінші және АСЕАН аймағындағы ең үлкен демократиялық ел, - деді дипломат.
Оның сөзінше, Индонезияның G20 төрағалығы, Индонезияның АСЕАН төрағалығы, Индонезияның адам құқықтарын, адамгершілік пен теңдікті қорғаудағы табандылығы және Индонезияның соңғы 3 жылдағы жаһандық дағдарыстарды жеңудегі табыстары Индонезияны әлемдік нарыққа қайтарды.
Сонымен бірге елші ресми бөлімнен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ол елдеріміздің арасында сауда-саттық пен туризм саласындағы байланыстар жайында айтып берді.
Бүгін Астанада Индонезияның Тәуелсіздігінің 78 жылдығын мерекелеп жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазақтың киіз үйін де орнаттық. 2023 жылғы 3 шілдеде Индонезия архипелагының астанасы мен Қазақстанның бас қаласы Астана арасында егіз қалалар арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылғанын атап өткім келеді. Бұл Индонезия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты тығыз екендігінің дәлелі. Сонымен қатар 6 қазанда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Былтыр елдеріміз арасында тауар айналымы 700 млн долларға жетті. Енді биыл бұл көрсеткіш 1 млрд долларға жетеді деп күтіліп отыр. Мұндай жетістік бізді қуантып отыр. Себебі бұл елдеріміздің байланысының нығайып келе жатқанының көрсеткіші, - деп айтты Мохамад Фаджрул Рахман.
Елші пандемияға дейін Қазақстаннан Индонезияға барғандар туристер саны 10 мыңнан асқанын атап өтті. Сөзінше, қазір соңғы 6 айда қазақстандық туристердің саны 4 мыңнан асқан. Ал Индонезиядан Қазақстанға шамамен 5 мың турист келген.
Мерекеге индонезиялықтар ұлттық киімдерін киіп келген. Жиынға келген қонақтар Индонезияның дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік алды.
Мерекелік іс-шараға Қазақстан мен Тәжікстандағы Индонезияның барлық азаматы, Қазақстандағы АСЕАН-ға мүше елдердің басшылары қатысты.
Бұған дейін Индонезия елшілігі елордада «Индонезиялық жазғы фестиваль» өткізген болатын.