Сергей Карплюк еліміздегі туризм саласының инвестициялық тартымдылығы төмен екенін атап өтті деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол 13 миллиард теңге инвестиция әкелуге дайын болған инвестордың нақты мысалын келтірді. Ол электр энергиясының, су мен кәріздің және жолдың болмауына байланысты қаржы құюдан бас тартқан екен. Мемлекеттік инфрақұрылым жүргізу процесі төрт жылдан астам уақыт алады, ал инвестор құрылысты екі жыл ішінде аяқтай алатын болған. Оның жұмысы екі жылға тоқтап қалу қаупі бар. Инвестор мәселені шешу үшін күн батареялары, биологиялық тазарту станциялары және жылу сорғылары сияқты баламалы энергия мен су көздерін пайдалануды ұсынды. Бұл мемлекет шығынын едәуір азайта алар еді. Бұл жоба бюджетке 12 миллиардтың орнына 500 млн теңге шығын әкелетін болған. Инвестор пилоттық жобаны Ақкөл қаласының маңында іске асыруды ұсына отырып, салық арқылы шығындарды 10 жыл ішінде мемлекетке қайтаруға дайын болатын.
Бұл – мемлекеттің салық орнына инфрақұрылымға салған инвестициясы болатын. Жоба сәтті болған жағдайда оны басқа туристік орындарға да пайдалануға болады. Бұл тәсіл әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті заманауи және экологиялық таза курорттар салуға мүмкіндік береді. Сенат депутаттарының қатысуымен ұлттық экономика, туризм және спорт, сыртқы істер, энергетика, экология және табиғи ресурстар министрліктеріне туризм саласындағы инфрақұрылымдық қолдауды жақсарту жөніндегі осы ұсыныстарды қарауды ұсынамыз. Ұлттық экономика министрлігі инфрақұрылымдық қолдауға орай заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныс енгізуі керек. Ақмола облысының әкімдігі Инвестициялық штабтың қарауына Ақкөл ауданындағы пилоттық жоба бойынша бастама әзірлесін - деді ол.