Туризм маманы: Күніне 4-5 мың алатын даяшыдан Түркия сервисін қалай сұрайсың?

14 Маусым 2024, 15:37
329
Бөлісу:
Туризм маманы: Күніне 4-5 мың алатын даяшыдан Түркия сервисін қалай сұрайсың?
Фото: instagram.com/almas.maratu1y

Кеше Мемлекет басшысы туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізіп, саланы сынға алды. Осыған байланысты туризм маманы Алмас Маратұлынан ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіретін қандай мәселе барын сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сала маманы негізгілеріне тоқталды.

Бірінші мәселе және оны мен негізгі деп есептеймін ол – климаттық жағдай. Қазақстанда күн жылы мезгіз өте қысқа. Туризм ол – демалыс. Ал адамдар демалысты күнмен, сумен, жағажаймен байланыстырады. Демек Қазақстан ешқашан жағажай туризмі үшін шетелдік туристерге қызық болмайды, - деді Алмас Маратұлы.

Ол туризмді тұралатып тұрған екінші негізгі мәселе географиялық жағдай деп есептейді.

Сіз үй салатын болсаңыз, 12-15 метрлік үйдің материалына жұмсайтын қаражат пен 7-8 метрлік үйдің керегіне жұмсайтын ақшаның айырмашылығы бар. Енді қараңыз, Қазақстан сияқты елдің туристік инфроқұрылымын жасауға қаншама қаражат кетеді. Ол: жол, су, жарық, интернет тағы сол сияқты. Оның үстіне 10 құрылысшыңыз күнде бір-бір кірпіштен ұрлап кетіп жатса, онда тіпті бітпейсіз, - деді маман жемқорлық мәселесін меңзеп.

Кейіннен Алмас Маратұлы аталған екі мәселе отандық туризм саласынан қалай көрініс табатынын тарқатып берді.

Қазақстан суық дедік, Қазақстан үлкен дедік. Енді осыдан мынау проблемалар шығады. Суық болған соң отандық туристер ыстық болатын тамыз бен шілдеге демалыстарын жоспарлайды. Сол уақыттарға сұраныс көп болған соң демалыс орындарының иелері бағаны қымбаттатады. Сол үшін де бізде дәл осы екі айда елде демалғанша Мысыр мен Вьетнамда демалған арзан, - деді ол.

Маман отандық демалыс орындарына тамыз бен шілде айларында келушілердің көбеюі қызмет көрсету сапасына әсер етпей қоймайтынын алға тартады.

Адам көп келіп жатқан соң сервис ақсайды. Адам нөпірі сұмдық уақытта кімнің көңіліне қарап отырасың? Сосын аймақтардағы барлық кафе, ресторан, қонақ үйлерде 8-10 сыныптың оқушылары мен емтихандарын енді тапсырып, жазда ақша тауып алайын деп келген студенттер жұмыс істейді. Күніне 4-5 мың теңгеге жұмыс істейтін жандардан Түркияның сервисін қалай ұялмай сұрайсың?, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы