Туристік жерден экологиялық апатқа дейін. Маралдылықтар алтын зауытының құрылысына наразы

Туристік жерден экологиялық апатқа дейін. Маралдылықтар алтын зауытының құрылысына наразы

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары 2021 жылдан бері, яғни осымен екі жыл қатарынан ауыл маңында алтын зауытын салуға қарсылық танытып келеді. Айтуларынша, олардың сөзін ешкім тыңдамай жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маралдылықтар кен өндіруді және цианид пайдаланатын алтын өндіру фабрикасының құрылысына қарсы болып, құзырлы органдарға жүгінген. Алайда, одан ешқандай нәтиже шықпай келеді.

Маралдылықтар қазіргі күні мыңнан аса адамның қолы қойылған хатты дайындап қойған. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізуді көздеп отыр.

«Бізге керегі - табиғаттың тазалығы»

Ауыл тумалары Назархан Уәлиев пен Талғат Исин сұқбат беріп, мәселенің мән-жайын түсіндірді.

Олар мәселенің шешімін табу үшін бармаған жерлері қалмағанын айтады.

Туристік жерден экологиялық апатқа дейін. Маралдылықтар алтын зауытының құрылысына наразы

Біздің сөзімізді тыңдағанымен, «шара қолданамыз», «күтіңдер», «ана жақ тексеріс жібереді» деп жай ғана шығарып салады. Зауыттың жұмысын «тоқтатыңдар» деген ешқандай тапсырма болмады. Бұл жерде бір емес, бірнеше заң бұзылып отыр. Басты мәселе – экология, жер және су. Бізге керегі - табиғаттың тазалығы. Ал бұл зауыт жұмысы таза экологиялық апатқа әкелгелі отыр. Қазір зауытты бастап кеткен жоқ. Бірақ болашақта олар ол жерге зауыт салмақшы. Зауыт салмас бұрын олар ашық түрде карьер салуы қажет. Содан кейін оның қасына зауыт салады, - дейді Назархан Уәлиев.

Айтуынша, зауытты салатын жерде жеті бұлақтың бастауы бар. Оның үшеуінің көзін жауып үлгерген. Бұл бұлақтар суын үлкен екі өзенге құяды. Бұл - Маралды өзені. Ал Маралды өзені Күршім өзеніне құяды. Күршім - Ертістің ең үлкен сағасы.

Осыдан-ақ экологияға өте үлкен қауіп төніп тұрғанын көруге болады. Егер олар цианид емес, басқа болғанда, онда халықпен келісуге болар еді. Бұл жердегі халықтың бар зары – ол цианид. Натрий цианиді - ол у. Оның экологияға зияны орасан зор. Цианид пайдаланылған жерге не шөп шықпайды, не онда жан-жануарлар болмайды. Сол себепті де бүгінгі күні оны біржолата жабу мәселесін көтеріп отырмыз, - деп айтты ауыл тумасы.

Ал белсенді Талғат Исин бұл мәселеге қарсылық танытып жүргендеріне бір жылға жуық уақыт болғанын айтты.

Жарты жыл бойы олар құжаттарымын жұмыс істегендіктен, халық оны дұрыс түсінбеді. Халық жұмыс ашылып, пайдасы болар деп ойлады. Кейін бұл сұрақты жан-жақты зерттеп қарағанда, зауытты ауылдың іргесіндегі таудың үстінде салатынын білдік. Ол жерде карьер орналасқан, ал дәл жанында зауыт болады. Осы саладағы сарапшыларымыз цианидті пайдаланып, зауыт салу үлкен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін екенін айтып отыр, - деп түсіндірді ол.

Туристік жерден экологиялық апатқа дейін. Маралдылықтар алтын зауытының құрылысына наразы

Маралдылықтар: «Біз фабрикаға қарсымыз»

Белсенділердің сөзінше, зауыттың салынуына рұқсат берген орган – ол облыс әкімдігі. Себебі құрылысқа экологиялық рұқсат берген ШҚО экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.

Маралды тұрғындары наразылықтарын білдіру мақсатында әр үйдің сыртына «Біз фабрикаға қарсымыз» деген плакаттар іліп қойған.

Ауыл тумалары Назархан Уәлиев пен Талғат Исиннің айтуларынша, зауыт құрылысы мен алтын қазуды екі компания жүзеге асырады. Дәлірек, «ВСАМ продакшн» ЖШС құрылысқа, ал алтын қазушы «Maralikha» тау-кен компаниясы» ЖШС жауапты.

Ал жерді пайдалануға рұқсатты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі берген.

Бұл компания 2021 жылы тіркелген. Тәжірибесі өте аз компанияға жауапты жұмысты беру – үлкен жауапкершілік, - дейді белсенділер.

«Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады»

Біздің ауылымыздағы бұлақтың суы тап-таза. Ондай су бүкіл Қазақстанда жоқ десек болады. Енді зауыт салып, сол суды жарамсыз етіп тастай ма деген қауіп бар. Қазір бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Депутаттармен де кездестік. Комиссия да келді. Барлығы «иә, иә» деп кетеді. Алайда одан түк нәтиже жоқ, - деп айтты Талғат Исин.

Туристік жерден экологиялық апатқа дейін. Маралдылықтар алтын зауытының құрылысына наразы

Оның айтуынша, компанияның карьерді қазып жатқанына жарты жылдай уақыт болған. Бірақ қоғамдық тыңдауды осыдан 4-5 күн бұрын ғана өткізген. Яғни компания осы уақыт бойы заңсыз жұмыс істеп келіп, құжаттарын енді реттеп, көрсетіп жатыр.

Зауыт құрылысына қарсылық танытып жүрген ауыл белсенділері аз емес. Оларға қорғау органдары тарапынан қысым жасалып жатқанын да естіп жатырмыз. Олар белсендімен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қоғамдық тыңдауда белсенді түрлі БАҚ-қа осы мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп жүрген. Олар «бір жағдай болып қалса, сендер ұйымдастырушы ретінде сотталасыңдар» деп ескерту жасаған, - деп айтты маралдылық Назархан Уәлиев.

Қоғамдық тыңдауда Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев тұрғындарға бұл мәселе мәселе оның деңгейінде шешілмейтінін айтқан.

«Мен бұл жерге қанша рет келдім. Бұл менің деңгейімде шешілмейді. Министрлік немесе Президент деңгейінде ғана шешіледі. Ұнаса да, ұнамаса да - осы. Құрғақ сөзбен сіздерді алдамаймын, - деп айтқан аудан әкімі.

Маралды – ол қандай ауыл?

Күршім ауданы Маралды ауылы Өскемен қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан.

Туристік жерден экологиялық апатқа дейін. Маралдылықтар алтын зауытының құрылысына наразы

Маралды Кеңес кезінде 3 000-4 000 халқы бар ауыл болатын. Тұрғындар егін, омарта, қой шаруашылығымен айналысқан.

Ауылымыздың балы ТМД бойынша үздіктердің қатарында. Қазір ауылда 500-600 адам тұрады. Тұрғындар ешкімге қол қойып отырған жоқ. Араларын ұстап, мал шаруашылығымен айналып келеді. Барлығы жақсы тұрады. Ауылымызда береке-бірлік бар. Алайда соңғы бір жылда кей тұрғындарға «көмір береміз», «ақша береміз» деп, араларына іріткі салып, ауылдың берекесін қашырып жүргендер пайда болды. Бірақ ауыл тұрғындары жұдырықтай жұмылып, фабриканың салынуына қарсы шығып, материалдық көмектен бас тартып жатыр, - деді Назархан Уәлиев.

Сөздерінше, материалдық көмек ұсынуға келгендер жоғарыда аталған компанияның өкілдері екен.

Туристік жерден экологиялық апатқа дейін. Маралдылықтар алтын зауытының құрылысына наразы

Цианидті зауыт VS туристік жер

Шығыстықтар ауылдың суреттерін көрсетіп, табиғаты тамаша жерде зауыт салғанша, оны туристік мекенге айналдыру қажет екенін айтады.

Суы таза, табиғаты ерекше жер. Бүкіл ауыл осы суды ішіп отыр. Ресейден туристер өте көп келеді. Өзіміз де балаларымызбен бірге табиғат аясына жиі шығамыз. Балық аулап, демаламыз. Енді табиғаттың берген осы сыйын бүлдірсе, арты не боларын білмейміз. Осыны айтып, компания өкілдерімен де кездестік. Жарайды, біздің жасымыз 60-қа таяп қалды. Бірақ ұрпағымызға не тастап кетеміз? – деп ашынды ауылдықтар.

Олар мұндай жерлер Қазақстанда көп те емес екенін айтты.

Шетелдік туристерді алып келіп, мақтанышпен көрсететін жерге істеп отырғандары осы... Дабыл қақпаған жеріміз жоқ. ЮНЕСКО, БҰҰ-ға да бардық. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке де айттық. «Қараймыз, тексереміз, өйтеміз» деді. Бірақ ол кісіге үміт жоқ. Шығыс Қазақстанның барлығы «орнынан қашан кетеді» деп күтіп отыр. Оның бұл қызметте отырғанына да ұзақ жыл болды, - дейді Назархан Уәлиев.

Белсенділердің айтуынша, цианид орналасқан ыдыстар таудың жотасына орналастырылмақ. Қыста 2 метр жауған қар еріп, өзенге ақса, өзен арқылы Ертіске құяды. Бұл сондағы барлық тірі ағзаға әсер етеді.

Шығыс Қазақстан сейсмикалық аймақ болып саналады. Ертең жерасты дүмпулері, шағын жер сілкіністері болса, цианид ауылға ағуы мүмкін. Ал ол улы зат жүз жылдап жата береді. Кесірі ауқымды. Былтыр «КамАЗ» көліктерін кіргізіп, жұмыс істемекші болғанда, ауыл тұрғындары көпірді жауып тастаған. Көпір 1985 жылы салынған. Ол 20 тонналық қана болған. Одан бері 40 жыл уақыт өтті. Белгісін 70 тонна қылып қойған. Шығыста ондай көпір жоқ, - дейді Назархан Уәлиев.

Ал оны дронмен өлшеген.

Туристік жерден экологиялық апатқа дейін. Маралдылықтар алтын зауытының құрылысына наразы

Президентке хат

Маралды ауылының тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына мынадай хат дайындаған.

Олар хатта Күршім ауданының эко жүйесін бұзуға тырысып жатқандардың әрекеті туралы жазған.

Соңғы 5 жылда алтын өндіруші компаниялар Күршім өңірінде Шығыс Қазақстан облысының экожүйесіне нұқсан келтіре отырып, варварлық әдістермен алтын өндіруді бастады. Атап айтқанда, бүгінгі таңда «Maraliha» ЖШС, «Maraliha Gold» ЖШС, «BCAM Prodachn» ЖШС сияқты алтын өндіруші компаниялар Маралды ауылында алтын өндіретін зауыт құру арқылы Маралды ауылының тұрмысы мен тыныштығын бұзуға тырысып жатыр. Соңғы 6 айда Күршім ауданы әкімдігі мен «олигархтар» тарапынан Маралды ауылының тұрғындарымен алтын өндіру фабрикасын ашу мәселесі бойынша 4 қоғамдық тыңдау өткізілді. Барлық отырыс Маралды ауылының тұрғындарының карьерлер мен алтын өндіру фабрикаларын ашуға келіспеу туралы бірауыздан шешімімен аяқталды, - делінген хатта.

Маралдылықтардың ашық хатында айтылғандай, қазіргі таңда Маралды ауылының тұрғындары ауыл торабындағы таулы аймақта орналасқандықтан, алтын өндіретін фабрика салуға рұқсат алған жағдайда осы ауылдық округте де осындай экологиялық жағдай туындауы мүмкін деп алаңдаулы. Маралды және Күршім өзендерінің арналарында, бұл өзендерде Қызыл кітапқа енген «таймен, ускуч» сияқты балықтар мекендейді, сонымен қатар ауыл тұрғындары бұл өзендерді ішкі тұтыну үшін пайдаланады.

Алтын өндіру фабрикасы мен карьерлерді орнату Маралды ауылдық округі мен Күршім ауданының фаунасы мен флорасына зиян келтірудің қайтымсыз салдарына алып келеді, - делінген хатта.

Депутаттар бұл мәселені шеше ала ма?

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектен Маралдыдағы фабрикаға қатысты мәселені сұрадық.

Мен ол мәселені естідім. Материалдар қолыма түссе, мен тексерісті ашуға дайынмын. Бізде республикалық жер комиссиясы бар. Ол дерек бойынша құқықтық органдарды тартуға дайынмын. Себебі мен жер комиссиясы төрағасының орынбасарымын. Мен өз өкілеттігімді және депутаттық құзырымды пайдаланып, тексерісті ашуға дайынмын, - деді Базарбек.

Былтыр да шығыстағы Күршім ауданының Маралды ауылында алтын кенін өндіретін фабриканың құрылысы жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз. 

Бөлісу: