Сенатта «Өңір» депутаттық тобының кезекті отырысында еліміздегі туризм саласына инвестицияларды тарту және кәсіпкерлерді қолдау мақсатында сапалы қызметтерді іске асыру үшін туристік инфрақұрылымның дамуы жөнінде біршама мәселелер қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде ішкі туристер саны 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға артып, 8,6 млн адамды құраған. Аталған сан пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн-ға жоғары.
Келу туризмінің саны артып жатыр. Егер 2019 жылы шетелдік келушілер саны 8,5 млн адамды құраса, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілгендер саны 11,5%-ды (979 мың адам). 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш шамамен 20%-ды құрады, - дейді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Сондай-ақ қонақ үйлерде қызмет көрсету сапасы да артып, елімізге біршама табыс алып келген.
Орналастыру объектілері 182,9 млрд теңге сомасына қызметтер көрсетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 70 млрд теңгеге артық. Қызмет көрсету көлемі де 2019 жылдың қорытындысынан 60 млрд теңгеге асып түсті (120,5 млрд теңге). Биыл бұл көрсеткіш қорытындысы бойынша шамамен 200 млрд теңге болуы мүмкін, - дейді ол.
Сонымен қатар былтырғы жылдың қорытындысы бойынша салық түсімдері бойынша рекордтық көрсеткіш те тіркелген. 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 2 есеге жуық өсіп, 389 млрд теңгеге жетіп отыр.
Ержан Еркінбаев инвестициялық әлеуетті дамытуға ерекше назар аударылатынын да жеткізді.
Оның айтуынша, отандық және шетелдік инвесторлардың қолдауымен 2019 жылдан бастап 430 млрд теңгеден астам сомаға 400-ден астам жоба 2020 жылы 138,3 млрд теңге сомасына 92 жоба, 2021 жылы 227 млрд теңге сомасына 102 жоба, 2022 жылы 40,7 млрд теңгеге 138 жоба жүзеге асырылды.
Қазіргі уақытта табиғатта демалуды ұнататын туристердің басым көпшілігі глэмпингтер деп аталатын жерлерде демалуды көбірек қалайды. Демалыстың бұл түрі халық арасында өте танымал. Табиғатқа еш зиян келтірмейтін нысан қарапайым кәсіпкер үшін нақты бизнес-жоба болып отыр. Еліміздің 8 өңірінде осындай 27 кешен бар.
Бизнес саласы бойынша министрліктің атынан қонақ үй бизнесі өкілдерінен өтініштер айтылған. Яғни кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берудің механизмі белгіленген мерзімде өтеуге мүмкіндік бермейді.
Қонақ үйлердің өтелу мерзімі орта есеппен 10 жылды құрайды. Осыған байланысты туризм жобаларын субсидиялау мерзімдерін 5 жылдан 10 жылға дейін ұлғайту қажет. Тиісті ұсыныспен біз Ұлттық экономика министрлігіне жүгіндік. Сондай-ақ ішкі туризмді одан әрі ынталандыру мақсатында біз туристік «Кэш Бэк» енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Туристерге төмен маусым кезеңінде турпакет құнының 20%-на дейін өтеу ұсынылады, - деді Ержан Еркінбаев.