Туристерден ақша бопсалаған түркістандық патрульдік полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде "Шымкент – Самара" тасжолында патрульдік полиция туристерді негізсіз тоқтатып, ақша талап еткені туралы бейнежазба тарады.
Оны Беларусьтен келген турист өзінің жеке парақшасына жариялаған. Айтуынша, полицейлер оларды Қазақстанның техникалық тексерісінен өтпегені және бейнебақылау камерасына түскені үшін айыптаған. Кейін 200 мың теңге талап еткен.
Осыған байланысты Түркістан облыстық полиция департаменті қызметтік тергеу басталғанын мәлімдеп, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында патрульдік полиция қызметкерлерінің "Шымкент – Самара" тасжолындағы әрекеті анықталды. Қазіргі уақытта бейнежазба бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Айта кетерлігі, полицияға жәбірленушілерден қандай да бір ресми арыз-шағым түскен жоқ, көлік құралының деректері де анықталмады. Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдарына деген сенімге нұқсан келтіруі мүмкін кез келген ақпаратқа назар аударып, оған қатаң әрі нақты жауап береді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар тиісті құрылым басшылығына қатысты қызметтік тергеу басталды. Кінәлілер заңға сәйкес жазаланады, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, патрульдік полицияға қатысты бейнежазбаны танымал блогер Александр Гулько да жариялады. Оның айтуынша, туристер жол ережесін бұзбаған, ал полицейлер нақты дәлел келтірмеген.