АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістан туристері Қазақстанда орта есеппен 4 күн өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
eQonaq ақпараттық жүйесінің дерегі бойынша туристік мақсатпен келген АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістан азаматтары Қазақстанда орта есеппен 4 күн өткізеді.
Елімізде аялдау мерзімі бойынша Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр.
Көрші елдің туристері Қазақстанда 10 күнге дейін тоқтайды.
Ал ресейлік туристер 6 күн, Беларусь азаматтары 5 күн, Германия туристері 4 күн болса, Қытай азаматтары елімізде 3,5 күн өткізеді екен.
eQonaq жүйесі - елімізге келген туристер ағынын бақылау және талдау, орналастыру орындарының тізілімін құру және т.б. бірнеше маңызды функцияны орындайды. Басты мақсат - туристерге көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру. Жүйеге 3214 орналасу қызметін ұсынатын кәсіпкерлік нысаны тіркелген, - деді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.