Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тәжірибесі негізінде Түрікменстанның Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында магистратураның білім беру бағдарламалары енгізілетін болады.
Бүгінгі таңда Түрікменстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудың қысқа мерзімді курстары ғана жүзеге асырылуда. Түрікмен делегациясы мүшелерінің айтуынша, қазақстандық Мемлекеттік басқару академиясының тәжірибесін зерделеп, олар 2019 жылдың күзінде мемлекеттік қызметшілерге арналған магистратура бағдарламасын енгізуді жоспарлап отыр.
Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова:
«Бүгінгі таңда заманауи мемлекеттік басқарудың дамуы қарқынды өзгеріп жатқан әлемдік трендтерге бейімделудің күрделілігі мен қажеттілігімен сипатталады. Мемлекеттік қызметшілерге барынша жоғары талаптар қоятын жаһандық және жергілікті сын-тегеуріндер күш-жігерді біріктіруді талап етеді. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы білімді таратудың инновациялық алаңы бола отырып, Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің мемлекеттік аппаратын кәсібилендіруге елеулі үлес қосады», - деп атап өтті.
Осы аптада Түрікменстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының қызметкерлеріне арналған мемлекеттік басқару саласында кәсіби білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселелері бойынша практикалық тренинг аяқталды.
Тренинг Түрікменстандағы мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыруға қолдау көрсету бойынша Еуроодақ жобасының көмегімен ұйымдастырылды.
Бес күн ішінде стратегиялық сессиялар, интерактивті пікірталастар және практикалық кейстер форматында түрікмендік делегация білім беру бағдарламаларының дизайнын және контентін, силлабустарды, магистрлік бағдарламалардың курстары мен модульдері бойынша оқу жоспарларын әзірлеу бойынша Академияның тәжірибесін зерттеді.
Білімді сапалы және тез игеру қажеттілігін ескере отырып, сабақтарды өткізу әдістемесі тәлімгерлік принципі бойынша әзірленді, тыңдаушылардың әрқайсысына Академияның жетекші оқытушылары бекітілді.
Астанаға сапары аясында түрікмен делегациясы Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығына, «Астана – адалдық алаңы» жобалық офисіне барды.
Академияда болу барысында Түрікменстаннан келген қонақтар қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиямен, мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудегі жаңа трендтермен, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өзгерістермен, сондай-ақ рекрутинг нарығындағы инновациялармен, стратегиялық менеджментпен, оқыту барысында қолданылатын заманауи HR-технологиялармен танысты.
Тренингтің соңында әзірленген оқу бағдарламалары көпшілік назарына ұсынылды.
Түрікмен делегациясының өкілдері ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының командасына алғыс айтып, оқу бағдарламасының жоғары нәтижелілігі мен практикалық пайдасын атап өтті.
Анықтама үшін:
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны.
2019 жылға құжаттарды қабылдау басталды. Оқуға түсушілерге арналған ақпаратты Академияның сайтынан www.apa.kz таба аласыздар.