Тұрғындар жерасты суының деңгейін төмендетуді сұрады

Кеше, 17:46
174
Бөлісу:
Тұрғындар жерасты суының деңгейін төмендетуді сұрады
Фото: BAQ.KZ архив

Атыраудағы "Мирас" ықшамауданының тұрғындары мектеп алдына жиналып, әкімдіктен жерасты суының деңгейін төмендетіп, берген уәделерінің орындалуын сұрады. Тұрғындар жақын арада бұл мәселе шешілмесе, көктемде тағы суға батуымыз мүмкін деп алаңдаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау қаласының іргесіндегі "Мирас" ықшамауданының тұрғындары қар мен жаңбыр жауса, қар суы ерісе үнемі тобықтан су кешеді. Көше былай тұрсын, жұрт үшін есік алдына шығу мұң болып қалады. Жерасты суының деңгейі жоғары болғасын халық үй айналасындағы лай суды тазартуға тырысып, ассенизатор көліктерінің көмегіне жүгінгенімен, одан пайда шамалы. Бірнеше сағатта айналаны қайта су басады. Осының себебінен ықшам ауданда қанша үйдің іргетасы сөгіліп, ылғалға шыдас бермей опырылып құлаған еді. 

2022 жылы суға кеткесін, 360 адамның қолын жинап, облыс әкімінен "Мирас" ықшамауданына төтенше жағдай жариялауын сұрадық. Облыс әкімінің орынбасарының қабылдауында болдық. Ол уақытта арнайы комиссия құрамыз, табиғи төтенше жағдай жариялаймыз, хаттамамен таныстырамыз деді. Сол кезде ТЖ жарияламай қалды бізде. Не себепті олай жасағандарын түсінбейміз. Қанша үйлер құлады, времянкалар құлады, су астында қалдық. Шарбақтың бәрін су басты. Алдағы уақытта жауын-шашын болғанда су көтеріліп кетіп, үйлер суға кетпеу мақсатында осыны реттеп берсе екен дейміз,-дейді Мирас тұрғыны Асхат Құттыбаев.

Тұрғындар соңғы 2 жылда мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып, мәселені айтудан кенде емес. Бірақ ақжағалылар құжат жасақталады, жұмыс жүргізіледі деген сылдыр сөзді айтудан танбайды.

Былтыр мүлдем қиын жағдай болды. Бірақ жауаптылар оның бәрі халықтың канализациясының суы деп жаба салып отыр. Мен оған түбегейлі қарсымын. Себебі жеке өзім бір айдың ішінде 5 рет, кейбір кездері тіпті 10 рет септиктің суын тазалатамын. Бұл халықтың кәріз жүйесінің суы емес. Халыққан қоныстануға жер берген кездегі бұл әкімдіктегілердің кінәсі деп есептеймін. Себебі бұл жерде әуел кезде тұрғындардың айтуынша сорлы жер болды дейді, көл болды дейді, бұл жерге егін еккен жер болды дейді. Соның бәрін біле тұра халыққа беріп, енді қиыншылық түскен кезде ешқандай көмектерін көрсете алмай отыр. Енді жауаптылар мына бізге, халыққа берген уәделерін орындасын,- дейді тұрғындардың бірі Зәуреш Иманғожина.

Тұрғындар жиналған ықшамаудандығы мектептің алдына жергілікті билік өкілдері де жетті. Лауазымына күні кеше тағайындалған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Миржан Мұқасов, кәріз желілері мен дренаж бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Бірақ халық бұл проблемаға әлі қанша уақыт шыдауға мәжбүр екенін, жұмыстың нақты қай уақытта аяқталатынын ашып айта алмады.

Вертикалды дренаж бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ал КНС бойынша біздерде екіге бөлінген болатын. Бұл тұрған бетіміз бойынша желтоқсан айында жобалық сметалық құжаттама жасақталды. Ол сараптама қорытындысынан шыққан болатын. Енді қазіргі уақытта бюджеттік түзетулер деген бар. Солар бойынша біздер қаражат сұратып, қаражат бөлінген жағдайда ашық конкурс жариялап, жеңімпазды анықтап осы бірінші жартыжылдықта жұмысты бастауды жоспарладық. Екінші Талғайраң және де Мирас ықшамауданының екінші бөлігіндегі КНС бойынша жобалық сметалық құжаттама қазіргі уақытта жасақталып жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша сәуір айында жобалық сметалық құжаттама сараптамадан шықса, екінші жартыжылдықта ашық конкурс жарияланып, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарда,-дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Миржан Мұқасов. 

Айтылған алғашқы жоба бойынша жұмыс биыл жыл аяғына дейін, ал екінші жартыжылдықта басталатын жоба бойынша құрылыс жұмысы келер жылы аяқталуы тиіс дейді әкім орынбасары. Бірақ оған бюджетте қаражаттың бар-жоғын, болса қанша ақша бөлінетінін құпия қалдырды. Ине сүзгісін қайта орнату бойынша да көңіл көншітерлік жауап болмады. Ол құрылғыны қондыру үшін ең алдымен сарапшылар келіп, ықшамауданда арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізу керек екен. Шешімі шыққасын ғана қаржы бөлініп, жұмыс жүреді екен. 

Халық бас көтеріп шу шығарған кезде ғана шауып келетін шенділер осы уақытқа дейін берген уәдесін жақын арада орындамаса, көктемде Мирастықтар тағы да су кешеді. Бұл ересектерден бұрын сабаққа барып келетін балаларға да үлкен мұң болып тұр. Себебі су жиналатын көшедегі жолдардың өзі шұрық-тесік, ойдым-ойдым. Осындай бірнеше проблеманың мұнайлы астана тұрғындарының еркін жүріп-тұруына қай уақытқа дейін кедергі келтіретіні белгісіз.

Жұрт уәдені үйіп-төккен басқарма басшылары, қала әкімі, депутаттар мен облысы әкімінің орынбасарына да сенуден қалған. Сол себепті өзекті мәселеге тікелей өңір басшысы Серік Шәпкенов назар аударып, қатаң бақылауға алса деген тілекте.

Өзгелердің жаңалығы