Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тұрғындар үй қалдықтарын өткізіп ақша таба алады

Бүгiн, 17:06
195
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Астана қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында «Таза үй - Таза ел» экологиялық бастамасы іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ

Бастама аясында елордадағы тұрғын үй кешендерінің аулалары мен аумақтарында қағаз және пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды. Тұрғындар картон, қағаз, пластик және бөтелкелерді таза күйінде сұрыптап тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Жиналған барлық қалдықтар қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіліп, оларға «екінші өмір» беріледі.

Жоба «EcoQolday» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Контейнерлерді орнату қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын қалыптастыру мен қала тұрғындарын экологиялық жауапты мінез-құлыққа тартудағы маңызды практикалық қадам болды.

Қалдықтарды бөлек жинау - бұл тек экология мен экономика мәселесі ғана емес, сонымен қатар қоғамның экологиялық мәдениетінің көрсеткіші. «Таза үй - Таза ел» бастамасы әрбір елорда тұрғынына өз үйінің, қаласының және тұтас елінің тазалығы үшін жеке жауапкершілікті сезінуге, сондай-ақ осы арқылы табыс тауып, оны үйдің қажеттіліктеріне жұмсауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов.

EcoQolday цифрлық платформасы (https://apps.apple.com/kz/app/ecoqolday/id6475673696) қалдықтарды көму көлемін азайтуға, қайта өңдеу саласын дамытуға және ресурстарды тұтынуға саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Тұрғындар үшін бұл - қосымша шығындарсыз және қиындықсыз экологиялық бастамаларға қатысудың ыңғайлы әрі түсінікті құралы.

Бүған дейін Астанада қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт ашылған еді.

Өзгелердің жаңалығы