Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт ырық берер емес. Салдарынан 3000 гектардан астам қарағай мен аққайыңнан тұратын орман өртеніп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін түске қарай ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Әулиекөл ауданындағы алапат орман өрті болып жатқан жерге ұшып келді. Көрген жанның зәресін алатын ірі орман өрті кеше, 2 қыркүйекте сағат күндізгі 15.10- де Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан «Басаман» орман шаруашылығы мекемесі аумағында тұтанған.
Содан бері ырық бермеген тілсіз жау көршілес орналасқан Әулиекөл мен Қарасу аудандарының ауылдарына қауіп төндіруде.
Қостанайдың сұлу табиғатына айналған жасыл желектерді шетінен жалмап жатқан өртті сөндіруге қатты желдің екпіні мен аптап ыстық кедергі болуда. Оның сыртында орман ішінде қызыл жалынды ауыздықтауға келген арнайы техникаларға арналған жолдардың болмауы жағдайды мүлдем қиындатып жіберді. Қазіргі таңда, Қазгидрометтің таратқан мәліметінше, желдің жылдамдығы секундына 23метрге жетеді, сыртқы ауа температурасы +38 градус ыстықты көрсетуде.
Өрт болған жерде атап айтқанда Новонежинкадан Қазанбасы ауылына қарай 10 шақырым жерде жедел штаб құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары кірді. ОблыстықТЖД бастығы полковник Біржан Кәрімов өрт болған алқапта жүр, - деп хабарлайды облыстықТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда өртті сөндіруге жеке құрамнан 235 адам, 32 бірлік техника, 3 тікұшақ, 3 өрт сөндіру пойызы көмектесуде.
Соңғы келіп түскен ақпаратқа жүгінсек, ТЖМ өрт сөндіруге арналған 2 тікұшақ әуеден 12 рет көтеріліп, 36 тонна су шашса да нәтиже берер емес.
Орман өртін сөндіруге көмекке келген тікұшақтар маңайында су болмағандықтан оны 28 шақырым қашықтықтан тасымалдауға мәжбүр болып отыр.
Қостанай жеріне арнайы келген Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин әуеден барлау жұмыстарын жүргізіп, апаттың мән-жайымен танысыпты.
Сонымен қатар, Әулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай, Новонежинка, Озерное, Калинино, Лесное ауылдарынан екі мыңнан астам тұрғын баспаналарын тастап, өздері қауіпсіз жерге жансауғалауға мәжбүр болып отыр.
Орман өрті жеке тұрғын үйлерге де ауыз салып үлеріпті. Мәселен, осы уақытқа дейін Озерное ауылында 3 тұрғын үй жанып кетіпті. Қатты желмен бірге лаң салған орман өрті аудан іргесіндегі Аманқарағай ауылында орналасқан жанармай сақтайтын ірі базаға қауіп төндіруде. Осыған байланысты бұл елді мекендердің тұрғындары үйлерін жауып өздері туыс-туғандарын түгендеп кетуге мәжбүр болуда.
Ауылда сұмдық болып жатыр. Біз бір соғыс ортасында жүргендейміз. Өрт ауыл іргесіне келді. Біз өз баспаналарымызды жауып тастап жау келе жатқандай қашып шықтық,- дейді Аманқарағай ауылының тұрғыны Жәмила.