Қазақстанда тұрғын үйлерді күтіп-ұстау тарифтерінің (ОСИ/КСК) жыл сайын индексациялануы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, қазіргі таңда заңға тиісті өзгерістер енгізілуде, соның ішінде мәслихаттарды осы саладағы тарифтік саясатты қарастырудан босату мәселесі қарастырылып отыр. Депутат тарифтердің өспеуіне мәслихаттар жауапты екенін айтады.
Біз заңға тұрғындар төлейтін жарналардың нақты түрлерін енгізіп жатырмыз: мақсатты және жинақтау жарналары. Қазіргі таңда тарифтер мәслихаттар арқылы бекітіледі. Бірақ мәслихаттар бұл қадамға баруға құлықсыз. Себебі егер жоғары тариф бекітсе, сайлаушылар: “Неліктен осындай жоғары минималды тариф қабылдадың?” деп сұрайды. Егер тариф көтерілсе, тұрғындар тарапынан да сұрақтар туындайды. Сондықтан мәслихаттар бұл мәселені жылдар бойы созып келеді немесе бір рет бекітіп, бірнеше жыл бойы қайта қарастырмайды, – деп түсіндірді депутат.
Смышляева қазіргі төмен тарифтермен үйлерді жайлы ұстау қиын екенін атап өтті. Сондықтан депутаттар тарифті айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байлау қажетін деп санайды.
Егер тариф АЕК-ке байланса, ол автоматты түрде индекстеліп отырады және мәслихаттар бұл мәселеге бірнеше жыл бойы қайта оралмайды. Сонымен қатар, біздің ойымызша, тарифтің АЕК-ке байланыстырылуы оның күрт өсуіне жол бермейді, өйткені АЕК өте баяу өседі, – дейді депутат.
Оның айтуынша, тарифке тұрғын үйдің сапасына байланысты коэффициенттер қосылуы мүмкін. Яғни коэффициент үйдің ескі немесе жаңа болуына, техникалық жағдайына байланысты белгіленеді.