Көкшетаудағы «Сарыарқа» шағын ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынуы тиіс тұрғын үйлер тұралап тұр, деп хабарлайды Көкшетаудағы BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары бұзылып, мердігерлер көп пәтерлі үйлерді уақытылы тапсыра алмады және биыл да құрылыс сол қалпы тұр.
Қалалық мәслихат депутаты Станислав Максимец проблеманың әлеуметтік сипатқа ие екенін айтады.
Бұл әбден пісіп-жетілген мәселе. Тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына тапсырылуы тиіс еді. Алайда, Мемлекеттік бағдарлама екінші жыл қатарынан бұзылуда. Ал коммерциялық нысандар еш тоқтаусыз салынып жатқанын көріп отырмыз. Қалада құрылыс материалдары жеткілікті. Екінші жартыжылдық басталды, уақыт тығыз екенін ескеру қажет, – дейді депутат.
Қалада жылдар бойы баспана кезегін күткендер саны да азаймай отыр.
Бұл үшін кім жауап береді? 185 пәтерлік 3 жалға берілетін үйдің 39-ын жалғызбасты аналар алуға тиіс болатын. Көкшетауда тұрғын үй кезегінде 14 мың адам тұр. Көпшілігі жалдап тұрып жатыр. Мердігерлер мен мемлекеттік қызметшілердің немқұрайлылығынан несие төлеуге мәжбүр және өз пәтерлеріне қоныстануға мүмкіндігі жоқ. Бұл тіпті ақылға сыймайды. Ал дайын үйлердің маңайы абаттандырылмаған. Неге жергілікті атқарушы органдар пәтер иелерін 8 айға дейін күтуге мәжбүр етіп, мәселені шеше алмай отыр? Енді бюджеттен қосымша қаражат бөлуге тура келеді. Біле білсек бұл – салық төлеушілердің ақшасы, – дейді қоғамдық кеңес төрағасы Серік Кәкенов.
Тұрғын үй құрылысы және инженерлік желілер бөлімінің басшысы Шыңғыс Бектеміров қалыптасқан жағдайға түсініктеме берді.
Биыл қалада 10 үйдің 6-уы ғана пайдалануға беріледі. Басты себеп – мердігерлер құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты түзету үшін құжаттарды уақытылы тапсырмаған. Өткен жылы Үкіметтің түзету енгізу туралы тапсырмасына байланысты біз аудан-қала әкімдіктерімен, құрылыс салушылармен кеңес өткіздік. Алайда қала әкімдігі бір ғана жобаға құжаттар тапсырды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша үйлердің құрылысын аяқтау үшін бюджетті нақтылаумен біз мәслихаттың қыркүйектегі сессиясына кешігіп қалуымыз ықтимал. Қосымша қаржыландыру бөлінген жағдайда құрылыс салушылар белгілі бір жұмыс көлемін орындап, үйлерді пайдалануға бере алады, - дейді бөлім басшысы.
Облыс орталығында мемлекеттік бағдарламаның неліктен орындалмай отырғаны алаңдатады. Қалайша облыс аудандары тұрғын үйлерді тапсыру бойынша жақсы көрсеткішке ие болып, Көкшетау проблемаларға тап болып отыр? 2022 жылы облыстық бюджеттен 104 млн теңге бөлінген, ал құрылысты аяқтауға 67 млн теңге қажет.
Бірнеше үй құрылысының жобасы ғимаратты абаттандырусыз салуды көздеген. Енді бұл да проблемаға айналып отыр.
Қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров жауапсыздық танытқан үш мердігер ұйым ауыстырылғанын, ресурстары жетпейтіндіктен келісімді бұзуға тура келгенін, қазіргі уақытта сот талқылаулары жүріп жатқанын, осыған байланысты дайын үйлердің аулалары қалыпқа келтірілмей қала тұрғындарын қоныстана алмайтынын түсіндірді.
Қазір түзетуде 21 нысан бар, 3 үй қолданысқа берілуге дайын. Бірақ онда абаттандыру мәселесі туындап отыр. Өткен жыл қорытындысы бойынша 9 үй пайдалануға берілді, 5 үйдің кілті тұрғындарға табыс етілді. Төрт үй пайдалануға берілгенімен, қала тұрғындары әлі пәтер кілттерін ала алмай жүр. Вернадский көшесіндегі апатты үй тұрғындарына 89 пәтер беріледі, қалған пәтерлер кезекте тұрғындарға үлестіріледі. Биыл біз құрылыс материалдары нарығының тұрақсыздығынан 5 үйді ғана пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл мәселе әкімдіктің бақылауында, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Халық қалаулылары бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен бірге және қадағалаушы органдар мен прокуратура өкілдерін шақыра отырып қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық мәслихат депутаттарының талқылауына шығаруды ұсынып отыр.
Жұмыс форматын өзгертіп, мердігер ұйымды таңдауға мұқият қарау керек. Үй құрылысы бойынша күнделікті жағдайға мониторинг жүргізілуі тиіс. Мердігер ұйымдарды атқарылған жұмыс фактісі бойынша тексеріп, әрбір жобаны соңына дейін жеткізу қажет, – дейді қоғамдық кеңес төрағасы Серік Кәкенов.
Мемлекет қаражатына іскерлік және үнемді көзқарас болып, жауапкершілікті сезініп, ұқыпсыздықпен күресу керек.
Құрылыс материалдары 30%-ға қымбаттағанын түсінеміз. Осыған байланысты мердігерлерде бірқатар қиындық туындады. Мүмкін кейбір аяқталмаған ғимараттарды тоқтата тұрып, 6 қабаттың орнына тек 3 қабатты тұрғын үй салу керек шығар. Ең бастысы – үйлерді уақытында тапсыру. Сондай-ақ, жауапсыз мердігерлердің тендерді қалай жеңіп жатқанын тексеру үшін прокуратураға сұрау жіберу керек, – деп түйіндеді қоғамдық кеңес төрағасы.