«Тұрғын үй кезегін жылжытып беремін» дегендердің әрекеті заңсыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Тұрғын үй және тұрғын үй қатынастары басқармасы басшысы Сұлтанғали Жалқұл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Тұрғын үй кезегін жылжытып беремін» дегендерге алданып жатқан халықтың шағымы өте көп. Мұндай жағдайда не істеу керек? Қазір тұрғын үй кезегін заңсыз жылжыту қаншалықты мүмкін? – деп сұрады журналистер спикерлерден.
Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Тұрғын үй және тұрғын үй қатынастары басқармасы басшысы Сұлтанғали Жалқұл сұраққа былай жауап берді.
Бүгінгі күні тұрғын үй алу «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес кезек тәртібімен беріледі. Ал «үй алып беремін» дегендердің әрекеті заңсыз. Мұндай кезде құқық қорғау органдарына жүгіну керек. Бүгінгі таңда елімізде тұрғын үйге кезек толығымен цифрландырылған, яғни бір базада жүзеге асырылады, - деді басқарма басшысы брифингте.
Сұлтанғали Жалқұлдың айтуынша, елімізде кезекке тұрмай, үй алу мүмкін емес.
Кезектен тыс тұрғын үй алу мүмкін емес және заңсыз, - деп түсіндірді ол.
Біз бұған дейін үйді бастапқы жарнасыз қалай алуға болатыны туралы жазған едік.