Испанияның түкпір-түкпірінде ауыр тұрғын үй дағдарысына байланысты жаппай наразылық акциялары өтіп, полициямен қақтығыстар болды. 50-ден астам қалада ондаған мың адам көшеге шықты, деп хабарлайды Euronews.
Наразылықтың негізгі толқыны 2026 жылғы 3 қазан, сенбі күні елді қамтыды. Бұған испаниялық парламенттің жалға алушыларды қорғауға және жылжымайтын мүлік бағасының өсуін тежеуге бағытталған үкімет заң жобаларын қабылдамауы себеп болды.
Наразылыққа не түрткі болды
Қоғамның наразылығын күшейткен соңғы жағдай Мадридте 87 жастағы Марикармен Абаскальдың мәжбүрлі түрде үйден шығарылуы болды. Ол бұл пәтерде шамамен 70 жыл тұрған. Инвестициялық компания ғимаратты сатып алып, оның жалдау ақысын 275%-ға көтеруге тырысқан. Наразылықтан кейін үй иелері әйелді қайта кіргізуге келісті. Алайда қоғамның ашу-ызасы саяси дағдарысқа ұласты.
Наразылық білдірушілер не талап етеді
Шерулерді Жалға алушылар одағы ұйымдастырып отыр. Наразылыққа шыққандар жалдау ақысының құнын түбегейлі төмендетуді, инвестициялық қорларға тұрғын үй сатып алуға толық тыйым салуды және мәжбүрлі түрде үйден шығаруды тоқтатуды талап етуде.
Сейсенбіде парламентте тұрғын үйге қатысты декреттердің қабылданбауы Педро Санчес бастаған коалициялық үкіметтің болашағына қауіп төндірді. Осыған байланысты елде мерзімінен бұрын сайлау өткізу мүмкіндігі қызу талқыланып жатыр.