Бір жылда (2024 жылғы тамыз 2023 жылғы тамызға) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағалары 4,9%, жаңа тұрғын үйлерді сату 2,7% өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы тамызда 4,2% жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбеде – 7,9%, Талдықорғанда – 7,2%, Қызылорда қаласында 7,1% қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көш басында Атырау (17,3%) мен Астана қалалары (12%), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Петропавл (23,5%), Қарағанды (22,4%), Шымкент (20,8%) және Астана қалалары (20,6%), - делінген хабарламада.
Бір айдың ішінде (2024 жылғы тамыз 2024 жылғы шілдеге) жаңа тұрғын үйді сату 0,3% өсті, ал пәтерлерді қайта сату 0,2% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі тамызда өткен аймен салыстырғанда 1,4% жоғарылады.
2024 жылғы тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 40 832 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 981 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 31 851 мәміле жасалды. 2024 жылдың шілдесімен салыстырғанда (40 099) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 1,8%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (8 200 – 20,1%) және Алматы (7 242 – 17,7%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 170 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 403 мәміле (1%).
2024 жылдың шілдесімен салыстырғанда тамызда ең көп өсім Астана қаласында (+19,8%), Абай (+15%) және Қызылорда (+13,3%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (-24,4%), Алматы (-15%) және Ақтөбе (-14,3%) облыстарында орын алды.
2024 жылдың шілдесімен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 2,8%-ға (878 мәмілеге) көбейді. 2024 жылдың тамыз айында пәтерлер бойынша барлығы 31 851 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (25,4%), Алматы (21,1%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,4%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың тамыз айында олар бойынша 12 019 мәміле ресімделген.
2024 жылдың шілде айымен салыстырғанда, 2024 жылдың тамызында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 1,6%-ға немесе 145 мәмілеге азайды. Тамызда барлығы 8 981 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+32,8%), Павлодар (+22,3%) және Жамбыл (+9%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Ақтөбе облысында (-21,2%), Астана қаласында (-14,5%) және Солтүстік Қазақстан облысында (-12,3%) болды, - делінген Ұлттық статистика таратқан хабарламада.
2024 жылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 5,2%-ға көбейген, ол кезде 38 810 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (65,5%-ға) байқалды, ең үлкен төмендеу – Солтүстік Қазақстан облысында (23,5%-ға). 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санын 2023 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 13,8%-ға өсім байқалды.