Тұрғымбаев ЕО-ның адам құқықтары жөніндегі өкілдерімен кездесті

6 Қазан 2021, 21:26
5597
Бөлісу:
Тұрғымбаев ЕО-ның адам құқықтары жөніндегі өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ЕО-ның адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілдерімен кездесті.

Кездесу Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакал мен ЕО-ның адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмордың Нұр-сұлтан қаласына сапары аясында өтті.

Тараптар қылмыстық қудалау және адам құқықтарын қорғау, заңдылық пен сот төрелігін ілгерілету мәселелерін талқылады. ІІМ басшысы адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды сақтау, жазалардың орындалуын ізгілендіру және азаматтық бақылауды күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.

Ел Президенті ішкі істер органдарының адам құқықтарын қамтамасыз ету және құқық қорғау қызметін жетілдіру бағытындағы қызметіне ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты қылмыстық-атқару жүйесін реформалаудың негізгі басымдықтары, бірінші кезекте, адам құқықтарын сақтау, сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсарту және пенитенциарлық инфрақұрылымды халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғырту болып айқындалды, – деп мәлімдеді Ерлан Тұрғымбаев.

Ол министрліктің адам құқықтарын сақтау мәселелері бойынша халықаралық іс-шараларға белсенді қатысатынын атап өтті.

Біздің бастамамыз бойынша және Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы (PRI) өкілдігінің қолдауымен 2019 жылғы мамырда бірінші пенитенциарлық форум, ал осы жылғы шілдеде дипломатиялық миссиялар (Еуроодақ, БҰҰ) басшыларының, адам құқықтары саласындағы ұлттық және халықаралық сарапшылардың және басқа да ресми тұлғалардың қатысуымен екінші халықаралық форум (“қазіргі кезеңдегі пенитенциарлық жүйе”) өткізілді. Форумға қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстарын талқылағаннан кейін сотталған адамдардың құқықтық жағдайын жақсарту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, – деп атап өтті Қазақстанның ішкі істер министрі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, құқыққа қайшы әрекеттерді болдырмау мақсатында полицияның барлық қызметтік үй-жайларында және пенитенциарлық мекемелерде бейнекамералар орнату жұмыстары басталғаны атап өтілді.

Министр сондай-ақ қазақстандық полиция қызметін ауқымды реформалау және ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасын іске асыру туралы айтып берді.

Атап айтқанда, халықпен кері байланыс орната отырып, полиция жұмысының сервистік моделіне көшу, “жұртқа жақын полиция” қағидатын қамтамасыз ету, қауіпсіздіктің қазіргі заманғы жүйелерін, қолжетімділік пен тұрғындардың сеніміне қатысты негізгі критерийлер бойынша ішкі істер органдарының қызметін бағалаудың жаңа жүйесін енгізу жайында кеңінен әңгімеледі.

Кездесу барысында тараптар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес және адам құқықтарын сақтау салаларында министрлік халықаралық сарапшылардың көмегімен белгілі бір жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті.

Өзгелердің жаңалығы