Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлеріне жаңа ғимарат салу мәселесі тағы да қаралатынын айтты.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне ғимарат салу мәселесі күн тәртібінде тұрды. Бірақ коронавирустық инфекцияға байланысты жоспарға өзгеріс енгізуге тура келді. Сондықтан қаражат денсаулық сақтау жүйесіне, азаматтарымыздың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Сол себепті бұл мәселе уақытша тоқтатылды. Экономикалық жағдайды жақсарту үшін аталған сұрақ тағы да көтеріледі, - деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрі.
2020 жылы 29 қазанда Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқасында елорданың полиция департаментіне жаңа ғимарат салуға бұйрық берген.
Бастапқыда полиция бұрынғы Ramada Plaza қонақ үйінің ғимаратына көшеді деп жоспарланған, бірақ содан кейін ғимарат Қаржы министрлігінің қарамағына өтті.
Айта кетейік, бүгінгі брифинг барысында полицейлердің мундирі өзгеріп, кроссовка киетіні белгілі болды.