Тұқымды тұздай құртатын вейпті аналар да шегіп жүр – Баян Ахатай

23 Сәуір 2024, 15:00
1080
Бөлісу:
Тұқымды тұздай құртатын вейпті аналар да шегіп жүр – Баян Ахатай
Фото: facebook.com/bayan.ahataeva

Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасының орынбасары Баян Ахатай вейптерге байланысты қабылданған заңдағы өзгеріске пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңға енгізілген өзгеріс маңызды қадамдардың бірі болды. Себебі вейптердегі никотин дәстүрлі темекідегі никотинге қарағанда еселеп көп. Мысалы дәстүрлі темекіде никотин 2 мл болса, вейптерде ол 67 мл-ге дейін кездеседі. Бұл бірден адамдардың никотинге тәуелділігін арттырады деген сөз. Екіншіден, вейптерде ешқандай иіс жоқ, ароматы болған соң көптеген ата-ана баласының оны қолданатынын білмей жатады. Үшіншіден, вейпты әйелдер мен аналар да шегіп жүр. Бұл тұқымға тікелей әсер етеді. Сондықтан болашағымызды, ұрпағымыздың саулығын ойлап президентіміздің осындай шешім қабылдағаны дұрыс болды деп ойлаймын, - деді.

Сондай-ақ вейпты тартудан пайда болатын «Evali» деген аурудың емдеу хаттамасы жоқ екенін айтты. Маман пікірінше, бізде статистика жоқ деп бұл ауруға немқұрайлы қарауға болмайтынын жеткізді.

Біздің ағзамыздағы өкпе газды ауа жұтуға арналған. Ал вейптердегі никотин ол сұйық майлы түрде болып, өкпеге үлкен жүктеме алып келеді. Одан бөлек жүрек қан тамырлары аурулары, ауыз қуысы, обыр ауруларын шақырады. Денсаулық сақтау министрлігі вейптерді ұлтқа қауіпті тауар ретінде танығаннан соң біз бұған түбейгейлі тыйым салу керек деп шешіп, үндеу жарияладық, - деді ол.

Сонымен қатар ол тыйыммен ғана тоқтамай, балаларға, жасөспірімдерге дұрыс ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.

Өзгелердің жаңалығы