Түнгі тыныштықты бұзған жүргізушілердің көлігі арнайы тұраққа қойылуы мүмкін

23 Қыркүйек 2026, 12:50
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 23 Қыркүйек 2026, 12:50
23 Қыркүйек 2026, 12:50
80
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол қалаларда мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің заңсыз жарыстар ұйымдастырып, тұрғындардың тыныштығын бұзуына байланысты бірқатар шара қабылдауды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, қалалардың орталық көшелерінде түнгі уақытта көлік жүргізушілері рұқсат етілмеген жарыстар ұйымдастырып, жылдамдықты асырады, пиротехника қолданады және тұрғын үйлер орналасқан аумақта әдейі қатты шу шығарады.

Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер етеді, – деді Кендебай Адамбек.

Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтар көп жағдайда азаматтардың шағымынан кейін ғана тіркеледі. Осыған байланысты депутат шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде анықтайтын акустикалық құрылғыларды фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды.

Сондай-ақ түнгі заңсыз жарыстардың жолын жедел кесу және көліктерге заңсыз техникалық өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру ұсынылды.

Бұдан бөлек, депутат көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлігін арнайы тұраққа қоюды және түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның тиімділігін қайта қарауды ұсынды.

Кендебай Адамбек қазіргі уақытта түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынатынын атап өтті.

Депутат сондай-ақ жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің белгілері мен дәлелдемелерді жинау тәртібі нақты айқындалуы қажет.

Кендебай Адамбек бұл ұсыныстардың мақсаты заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, тұрғындардың пікірін ескеру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде цифрлық шешімдерді қолдану екенін атап өтті.

Наверх