Астана қаласының полиция департаменті бірнеше күн бұрын түнгі клубта ауыр жарақат алып, қаза тапқан 19 жастағы жігіттің әпкесінің айыптауларына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаза тапқан 19 жастағы жігіттің әпкесі төбелес видеосын жариялаған болатын. Ол оқиға кезінде күзет пен полицияның төбелеске араласпағанын айтып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен.
Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, төбелес басталған кезде полиция қызметкерлері клуб ішінде болмаған. Жақын жердегі патруль аумақты бақылауда ұстаған. Олар оқиға орнына шақырту бойынша барған. Полиция қызметкерлері ақпарат аздығы мен белгісіздік жағдайында әрекет еткен. Адамдардың көп жиналуынан және дүрбелең салдарынан олар ауыр жарақат алғандардың бар-жоғын дереу анықтай алмаған.
Астанада түнгі клубтардың бірінде болған кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті "жедел іздеу барысында" ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өз кінәсін мойындаған мәлімдеме берді. Сонымен бірге барлық қажетті шаралар қабылданды. Қақтығыстың өршуі тоқтатылды, жедел медициналық көмек шақырылды және оқиға орны алғашқы тексеруден өтті, – дейді құқық қорғаушылар.
Құқық қорғаушылар мәлім еткендей, тергеу аясында төбелеске қатысқан барлық тұлғалардың әрекеттері тексерілуде.
Осы оқиғаға байланысты басқа да адамдардың жанжалға қатыстылығы тексерілуде. Сонымен қатар мекеме әкімшілігі мен иелеріне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Әсіресе қылмыстық құралдарды алып кіру және қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілері назардан тыс қалмайды, – дейді департамент өкілдері.
Полиция азаматтарды алдын ала баға бермеуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада түнгі клубтағы төбелес кезінле 19 жастағы жігіт пышақ жарақатынан қаза тапқанын хабарладық.
Сондай-ақ, қаза тапқан жігіттің әпкесі төбелестің видеосын жариялады.