Түнгі клубтағы өрттен 59 адам қаза болды

Бүгiн, 10:36
519
Бөлісу:
Түнгі клубтағы өрттен 59 адам қаза болды
Фото: GEORGI LICOVSKI/EPA-EFE/REX/Shutterstock

Солтүстік Македонияда түнгі клубтағы өрттен 50-ден астам адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Солтүстік Македонияның Кочани қаласындағы түнгі клубта өрт шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде 59 адам қаза тауып, 150-ден астам адам жарақат алды. Өрттің пиротехниканы қолданудан басталғаны болжанып отыр.

Өрт жергілікті уақыт бойынша 02:30-да басталған. Сол кезде Pulse клубында жергілікті ДНК тобы өнер көрсетіп жатқан. Концертке шамамен 1500 адам жиналған.

Шоу кезінде топ мүшелері пиротехниканы қолданған, оның ұшқындары төбеге тиіп, өрт шыққан. Төбе тез тұтанатын материалдан жасалғандықтан, жалын жылдам тараған.

Концерттен түсірілген кадрларда адамдар өртті сөндіруге тырысқанымен, клубтан бірден шықпағаны байқалады.

Куәгерлердің бірі македониялық «Канал 5» арнасына берген сұхбатында, адамдар не болғанын түсінбей қалғанын, содан кейін дүрбелең басталғанын айтты.

Оның айтуынша, жедел жәрдем көліктері тез келген, бірақ бригадалар жетіспеген, себебі клубқа «қаланың барлық адамдары жиналғандай».

Қаза тапқандардың арасында ДНК тобының 23 жастағы барабаншысы Горги Горгиев пен «Шкупи» футбол клубының 25 жастағы ойыншысы Андрей Лазаров бар.

Түнгі клубтағы өрттен 59 адам қаза болды
Фото: Reuters

Кочани ауруханасының директоры Кристина Серафимованың мәліметінше, қаза болғандардың жасы 14 пен 25 аралығында, олардың көбісі көрші қалалардан, соның ішінде астанасы Скопьеден (Кочаниден шамамен 100 км) келген.

Қазір Кочани ауруханасында 18-23 жас аралығындағы 20 шақты адам жеңіл жарақаттармен емделуде, ал қалғандары басқа қалаларға ауыстырылған. Зардап шеккендердің басым бөлігі күйік және иіс тигеннен зардап шеккен. 18 адамның жағдайы өте ауыр.

Көрші елдер көмек көрсетуге дайын екендерін мәлімдеді. Сербия жарақаттанғандарды Белградтағы әскери-медициналық академияға жеткізу үшін әскери тікұшақтар мен ұшақтар жіберуге уәде берді. Болгария арнайы «Спартан» ұшағын София мен Варнадағы күйік бөлімшелеріне пациенттерді тасымалдау үшін жөнелтті.

Солтүстік Македонияның ішкі істер министрі Панче Тошковски төрт адамға ордер берілгенін мәлімдеді, бірақ егжей-тегжейлі ақпарат бермеді. Бұған дейін ол бір адамның ұсталғанын хабарлаған, ал мемлекеттік МИА агенттігі клуб иесінің қамауға алынғанын жеткізген.

Полиция оннан астам зардап шегуші мен ДНК тобының бір мүшесін сұраққа алған.

Министр Тошковски клубтың пиротехниканы қолдануға рұқсаты болған-болмағанын және қажетті құжаттарының бар-жоғын айтудан бас тартты, себебі бұл тергеуге қауіп төндіруі мүмкін.

Қайғылы оқиғадан кейін 10 адам ұсталды. Солтүстік Македонияда қаза тапқандарға аза тұту жарияланды.

Өзгелердің жаңалығы