Тұмауға қарсы вакцинаны қашан еккен дұрыс?

4 Қазан 2019, 10:38
2513
Бөлісу:
Тұмауға қарсы вакцинаны қашан еккен дұрыс?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Америкалық дәрігерлер тұмауға қарсы вакцинаны тұмау маусымы басталмай тұрып еккен дұрыс екенін, бірақ тұмауға қарсы егілу ешқашан кеш болмайтынын айтты. Бұл туралы ria.ru сайтында хабарланды. 

Adventist HealthCare Urgent Care-дің бас дәрігері, отбасылық медицина саласының маманы Амра Насир тұмау маусымы қазан айынан сәуір айына дейін жалғасатынын айтты. 

«Негізінде вакцина тұмау маусымы басталмай тұрып екі апта бұрын, яғни қыркүйек айында егілуі керек. Өйткені ағза вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыру үшін екі апта керек. Дегенмен, уақыт өтіп кеткен болса да, тұмауға қарсы екпе салдырған дұрыс. Бұл жағдайда ешқашан кеш емес екенін айту өте орынды», - дейді АҚШ-тағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілі Скотт Поли.

Насирдің айтуынша, егер адамның дене қызуы жоғары болса, вакцина алудан бас тарта тұрған жөн, ал тұмау немесе жөтел екпе алу үшін кедергі емес. 

«Егер мұрныңыздан су ағып тұрса, дене қызуыңыз болмай, тыныс алу жолдарыңызда ешқандай қауіптенетіндей жағдай болмаса, екпе салдыра беруге болады. Егер дене қызуыңыз жоғары болса, дәрігермен ақылдасып, вакцина салдыруды кейінге қалдырған дұрыс», - дейді дәрігер. 

АҚШ-та 6 айлық сәбиден бастап барлық жастағы тұрғындарға тұмауға қарсы екпе алу ұсынылады. 

«Тұмауға қарсы екпе 65 және одан жоғары жастағы адамдар үшін өте маңызды. Осы жаста тұмау асқынып, арты жаман болуы мүмкін», - дейді маман.

Дәрігерлер тұмауға қарсы екпе аурудан қорғайтынына 100% кепілдік бермейді, дегенмен екпе алған жөн. 

«Вакцина адамды аурудан қорғауына қатысты екі фактор маңызды рөл атқарады: адамның денсаулығы мен ғұмыр жасы және вакцинадағы вирустың тұмау вирусымен сәйкес келуі және ұқсас болуы», - деп түсіндірді Поли.

Өзгелердің жаңалығы