Өзбекстанда тұмауға қарсы препараттан 18 бала қайтыс болды. Олар қабылдаған үндістандық дәрінің құрамынан улы зат табылды. Мұны елдің Денсаулық сақтау министрлігі растады, деп хабарлады BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырған 21 бала ауруханаға келіп түскен. Олардың бәрі «Док-1 Макс» үндістандық препаратын қабылдаған. Алайда аурудан айығудың орнына оның 18-і көз жұмды. Тексеріс нәтижесінде сироп және таблетка түріндегі препарат құрамынан этиленгликоль улы заты анықталып отыр. Оны ішкен науқас құсу, есін жоғалту, эпилепсия ұстамасы, қан-тамыр жүйесіндегі проблемалар және жедел бүйрек жеткіліксіздігіне ұшырауы мүмкін дейді мамандар.
Айта кетерлігі, дәрі-дәрмектің негізгі заты - парацетамол болғандықтан «Док-1 Макс» сиропын ата-аналар суық тиюге қарсы дәрі ретінде өз беттерімен қолдана берген. Аталған іс бойынша қызметтік міндеттерге немқұрайлы қарағаны үшін 7 адам қызметінен босатылды. Қылмыстық іс қозғалды. «Док-1 Макс» таблеткалары мен сироптары Өзбекстандағы барлық дәріханалардан алынды.