Жыл басында ДДҰ сарапшылары жыл соңына қарай әлемге тұмаудың 4 түрлі штамы таралуы мүмкін екенін және бұл штамдардың коронавирусқа қарағанда әлдеқайда қауіпті, тіпті өлімге әкеп соғу қаупі жоғары екенін хабарлаған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауа райының өзгеруі көптеген эпидемиялық және инфекциялық ауруға әкеп соқтыратыны бәрімізге мәлім. Оның ішінде көп таралғаны — тұмау. Педиатр-дәрігер Несібелі Алдасүгіровамен қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы әңгімелескен едік.
Несібелі Алдасүгірова «Балаларды ұлттық оңалту орталығына» қарасты «Қамқор» N6 психоневрологиялық бөлімшесінің дәрігер-педиатры. Медицина салада еңбек етіп келе жатқанына 25 жыл болды. Маман жеке тәжірибесінің арқасында ауруды жеңудің тиімді жолдарымен сұхбат барысында бөлісті.
– Сөз басында уақытыңызды бөліп, сұқбатқа келіскеніңізге алғыс білдіргім келеді. Қазір ауа райы өзгеріп келеді. Ауырып қалған жағдайда адамдар өздігінен емделеді. Шыны керек, әркімнің жеке емделу рецептісі бар. Негізі солай ғой, ауырып қалса дереу ел арасында тарап жүрген бір-екі дәрі-дәрмекке жүгіреміз, антибиотик, пробиотик деп қарамайды. Естуіміз бойынша, белгілі бір кезеңге дейін организм өзі күреседі екен. Жалпы тұмау кезінде дәрі-дәрмекті қабылдау реттілігі қандай?
– Тұмау – эпидемиялық және пандемиялық таралуға бейім, жоғары тыныс жолының зақымданумен ауыратын жедел респираторлы вирусты инфекция. Психологиялық тұрғыда қарайтын болсақ, адам ауырған жағдайда әлсіз болады. Жата береді. Негізі ауырған адам көпшілік ортасына келіп, қарым-қатынаста болған жағдайда мен ауырамын деп сау адам ауруды психикалық түрғыда қабылдамау керек екенін айтып кетейін. Әр адамның ағазасы әртүрлі, бірден ауру жұқтырып алуы да мүмкін. Егер ағзаңыз сау болса, өзі күресіп, вирусты қабылдамауы да мүмкін. Сол себепті бір-екі дәрі-дәрмектің бәріне бірдей көмектеспейтінін түсінуіміз керек.
- Осы орайда үй жағдайында емделген қаншалықты дұрыс?
– Көп жағдайда ауру жұқтырған адам алғашқы күндері өз бетімен ем қабылдай бастайды, янғи дәрігерге бармайды. Әрине бұл дұрыс емес. Үй жағдайында емделуге болады, тек дәрігер кеңесімен ғана. Егер сізде емханаға баратын мүмкіндік болмаса, үйге дәрігер шақыртыңыз. Өз бетіңізбен антибиотик дәрілерді қабылдамаңыз, бұл өте қауіпті. Антибиотик тек дәрігер кеңесінен кейін ғана арнайы рецепт арқылы ғана тағайындалады. Өзіңіз емделуді жалғастыра берсеңіз, бактериялар қанға түсіп, одан әрі көбейе береді. Өте ауыр жағдайда өліммен аяқталады.
- Иммунитетті көтеруге арналған жеке рецептіңіз бар ма? Тұмаудан қалай сақтанамыз, маман ретінде кеңесіңізбен бөліссеңіз.
– Аурудың негізгі алдын алу шараларының бірі – тұмауға қарсы вакцинациялау. Кейбір адамдардың дәрігерге жүгінбейтінін ескере отырып, қарапайым емдік шараларды ұсынар едім. Тұмаудың алдын алу шаралары өте қарапайым. Тұмаудың басталуы жедел, жеңіл, орташа және ауыр клиникалық түрде өтеді. Жедел пайда болғанда: дене қызуының көтерілуі (бірінші кезекте дене қызуы 38ºС, орташа ауырлықтағы 39 – 40ºС, ауыр ағымда дене қызуы - 40 ºС – ден жоғары болуы мүмкін), қалтырап-дірілдеп тону, бас ауруы, жөтел, бұлшықеттердің ауыруы 2-3 күн бойы ауырып, асқынбаған түрінде 7-ші күнге таман бәсеңдейді. Осыны ескеріп, уақытылы ем-шараларды қабылдау қажет.
Үй жағдайында ем-дом қабылдап жатқан болсаңыз, ең алдымен, гигиеналық тазалықты сақтау қажет. Ауырған адам жеке оқшаулануы керек. Сондай-ақ жүйелі түрде ылғалды жуып-тазалау жұмыстарын жүргізу, бөлмені жиі желдетуді ұмытпау керек және құрамында С дәрумені бар жеміс-жидектер: (итмұрын (шиповник), мүкжидек (клюква), қарақат, лимон және т.б.) көбірек пайдаланып, сұйықтықты көп ішуге, сарымсақ және пияз қосылған тамақты көбірек жеуге кеңес беріледі.
Әрине, қадағалау қиынға соғады. Сол себепті дәрігерге қаралуға кеңес беремін.
-Эпидемиологтар қараша айына қарай ЖРВИ және COVID-19 ауруы белең алады деп отыр. Еліміздегі жағдайды қалай бағалайсыз?
– Айта кету керек, көбінесе маусымдық ауру болғандықтан күн суытқан мезгілде қазан - қараша айларында өршиді. Әлем енді бас көтерген COVID–19 ауруын да ұмытпауымыз керек. Әрине, пандемия кезінде елімізде жаппай екпе жүргізілгенімен, ол екпенің ағзаны қорғау уақыты да төмендейді . Біздің елде COVID–19-дан қорғану бойынша арнайы екпе емханаларда тегін салынады. Әзірге COVID–19 таралуы қаупі төмен, дегенмен де сақтықта қорлық жоқ.
Тұмаудың эпидемиялық маусымы алдында қыркүйек-қараша айларында адамдарды тұмауға қарсы егу — ауруға шалдығуды, асқынуларды болдырмауды, ауырдың түрлерінің азайғандығына дәлел. Екпеден қорықпау керек.
- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз елене берсін!