Ертең, 29 қарашада еліміздің 13 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Атырау облысының солтүстігі, батысы және оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі.
Батыс Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман, күндіз батыс пен солтүстікте көктайғақ күтіледі. Орал қаласында да дәл осындай жағдай болжанып отыр.
Абай облысының батысы, солтүстігі және орталығында түнде аздаған қар жауып, төменгі боран және көктайғақ болады. Кей өңірлерде тұман түседі. Семейде түнде көктайғақ күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде қар, боран және көктайғақ болжанған. Таулы аймақтарда жел күшейіп, 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Қарағанды облысының оңтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі.
Түркістан облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, сондай-ақ таулы аудандарында да тұман болады.
Жамбыл облысында 29-30 қараша аралығында кей жерлерде тұман түседі. Таулы аудандарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар аумақтарында түнде қар, күндіз жаңбыр мен қар жауады. Боран соғып, көктайғақ пен тұман күтіледі. Петропавлда жел 15-20 м/с жылдамдыққа дейін жетеді.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде көктайғақ болады. Кей жерлер тұманды. Желдің күшеюі күтіледі.
Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде қар жауып, боран соғады. Жел 15-20 м/с.
Маңғыстау облысының солтүстігі, шығысы және орталығында тұман күтіледі.
Ақмола облысының батысы, солтүстігі және шығысында тұман түсіп, күндіз көктайғақ болады. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Көкшетауда да көктайғақ күтіледі.
Жетісу облысының таулы аудандарында 29-30 қарашада тұман болады. Алакөл маңында жел 17-22 м/с жылдамдыққа дейін күшейеді.