Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифинг кезінде биылғы ҰБТ-дағы өзгерістер мен жаңашылдықтар жайында мәлімдеді.
Мемлекеттік білім беру гранттары оқыту тілдеріне байланыстырылмай, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. Яғни, қазақ және орыс тілдері арасында бөлінбейді. SAT, ACТ және IB халықаралық стандартталған тесттердің балдарын ҰБТ балына ауыстыру шкаласын енгізу бойынша көрсетілген сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-дан босатылып, грант беру конкурсына қатыса алады, - деді ол.
Дидар Смағұлов ҰБТ-да төртінші тоқсанның сұрақтары болмайтынын айтты.
Көбіне оқу жылының соңында балалар жаңа тақырыптарды өтпейді. Негізінен, бұған дейін өткен материалдарды қайталап, бұрын алған білімдерін бекітеді. Сондықтан ҰБТ-да төртінші тоқсанның сұрақтары кездеспейді деуге болады, - деді Смағұлов.
Орталық директоры бақылау түрлері (тест кезіндегі бақылау жұмыстары жайында "Желмая" жобасында айтқан болатын) маусым айындағы ҰБТ-ға алғаш рет қолданылады деген сөз емес екенін жеткізді. Өйткені, бұл бақылау түрлері қаңтар айынан жүзеге асырылуда.
Статистикаға сүйенер болсақ, 2020 жылдың қаңтар айындағы тыйым салынған заттармен кірген және қолданған тест тапсырушылардың саны 2019 жылдың қаңтар айындағыға қарағанда әлдеқайда төмен. Бұл – балалардың осындай бақылау түріне дайын болғанын білдіреді, - деді ол.
Дидар Смағұловтың айтуынша, түлектерге бірқатар жеңілдік те қарастырылып жатыр.
Тест тапсырушыларды қолдау мақсатында ҰБТ-ға дайындалу үшін төтенше жағдай уақытында тегін түрде қайталанбас 70 тест нұсқасын ұсынуға шешім қабылдадық. Бұл ретте ата-аналардың да қаражаты үнемделді. Егер әр ақылы ҰБТ байқау сынағының құны 260 теңгені құрайтынын ескерсек, 25 наурыз бен 5 маусым аралығында (2,5 айға жуық уақыт) барлығы 199 174 адам 880 586 рет тестілеуден өтті. Өзбекстанға көршілес жатқан Түркістан облысы Мақтаарал ауылындағы бөгеттің бұзылуына байланысты су тасқыны салдарынан зардап шеккен 5 елді мекеннің 112 мектеп бітіруші түлегіне орталықтан жаңартылған байқау сұрақ кітапшалары, сондай-ақ, ҰБТ-ға дайындалу үшін әрбір пән бойынша оқу-әдістемелік құралдар жиынтығы қосымша берілді. Наурыз айының ҰБТ-сын төтенше жағдайға байланысты тапсыра алмағандарға тамыз айында тестілеуді тегін өтуге, оған қоса, маусым айындағы негізгі ҰБТ-ға дайындалу үшін наурыз айындағы тестілеуге тіркеуден өткен әр тест тапсырушыға қайталанбас 5 нұсқаны тегін өтуге рұқсат берілді. Бұл емтиханға дайындалуға септігін тигізеді деп үміттенеміз, - деді ол.