Түлектерге аттестат тапсыру 12-14 маусым аралығында өтеді

12 Маусым 2021, 11:30
3639
Бөлісу:
Түлектерге аттестат тапсыру 12-14 маусым аралығында өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің 11-сынып түлектеріне арналған аттестаттарды тапсыру салтанаты 12-14 маусым аралығында өтеді. Іс-шара ашық алаңда өткізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Ведомство басшысы атап өткендей, мектептер санитарлық қауіпсіздік шараларын, маска режимін қатаң сақтауы тиіс. Сондай-ақ салтанатты шараға қатысушылар кемінде 1-1,5 метр ара қашықтықты қамтамасыз етіп, ата-аналар мен заңды өкілдердің біреуі ғана келуі керек.

Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігі аттестат тапсыру салтанатын әр сынып үшін бөлек өткізуді ұсынады. Аттестаттарды тапсыру рәсімі сағат 10.00-де басталады және әрбір мектеп бітіріп жатқан сыныпқа 40 минут уақыт беріледі. Іс-шаралар арасындағы интервал 20-30 минуттан кем болмауы керек. 

Салтанатты бөлім аяқталғаннан кейін түлектер  «Игі істер күні», «Мейірімді іс – өзіңе ырыс», «Туған елге тағзым», «Аялайық табиғатты бәріміз!» сынды акцияларға санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, қатысады деп жоспарланды.

Біз мектеп түлектерінің бір-бірімен қауышып, мұғалімдерінің ізгі тілектерін тыңдауға және мектепті бітіру туралы аттестаттарды салтанатты түрде алуға деген тілектеріне түсіністікпен қарадық. Алайда, енді әрбір мектеп қауіпсіздік шараларын сақтау мәселесін өз бақылауында ұстауы тиіс. Сондай-ақ іс-шараларды өткізу үшін ақша жинауға, мейрамханаларда, дәмханаларда және басқа да көңіл көтеру мекемелерінде бітіру кештерін ұйымдастыруға жол берілмейтінін тағы да еске салғым келеді, – деп атап өтті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

2020-2021 оқу жылы 11 (12) сыныпты 154 мыңға жуық түлек аяқтағанын айта кеткен жөн.

 


Өзгелердің жаңалығы