Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы қаралды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Туындаған мәселелер жан-жақты сараланды. Онда ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов, «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрғали Көрпебаев, «Қазсушар» РМК филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, аудан әкімдері сөз алып, есеп берді.
Қайрат Амановтың айтуынша, биылғы жылы 768,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 46,8 мың гектарға артық. Жалпы барлық ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарының ұлғаюы байқалады.
Дегенмен, аймақта тұқымға қатысты жағдай аса ойдағыдай емес. Биыл егілген элиталық тұқым көлемі небары 12 пайызды құраған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,3 пайыз.
Облыс әкімі өңірдің өзін-өзі тұқыммен қамтамасыз ете алмай отырғанын және импортқа тәуелділігін сынға алды.
Аймақ басшысы облыстың әр ауданында тұқым өсіретін шаруашылықтар мен сорттарды сынау зертханаларын құруды, сонымен қатар жергілікті тұқым өндірушілерді қолдауды тапсырды.
Тұқым шаруашылығы басым бағыттардың біріне айналуға тиіс. Ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісінің ұлғаюы және өнімділігінің артуы сапалы тұқымдарға байланысты. Отандық тұқым шаруашылығын дамыту үшін нақты шаралар қабылдап, осы саланы қолдау үшін жергілікті инвестицияларды тарту қажет, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Қайрат Аманов бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алматы облысының «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандарымен бірге біздің облыстың әр ауданында шаруа қожалықтары анықталып, күздік бидайдың жаңа сорттарын енгізу жұмыстары ұйымдастырылмақ.
Бердібек Сапарбаев ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастықта жұмыс жасайтын шаруашылықтардың тізімін жасауды жүктеді.
Аудан әкімдеріне техникаларды жаңартуға қатысты бекітілген индикаторларды орындау бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.
Спикер осы жылға әрбір ауданда су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша индикатор бекітілгенін еске салды. Бүгінгі таңда жаңа технологиялар 40,5 мың гектарға енгізіліп, жоспар 101,2 пайызға орындалды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы суару жағдайын қадағалауды және каналдардағы жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімі талқыланған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты ведомстволарға оларды шешу алгоритмін әзірлеу керектігін баса айтты.
Егіс науқанының басында сіздер бәрінің дайын екендігін айтқансыздар. Ал, шын мәнінде керісінше жағдай орын алды. Кемшіліктерді талдап, оларды тез арада жою қажет. Сіздерден нақты шараларды күтемін, - деп сөзін аяқтады Бердібек Сапарбаев.