Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Туған-туысқа үлестірілген миллиардтар": Депутат МӘМС жүйесін сынады

Бүгiн, 10:15
238
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) жұмысына қатысты өткір сын айтып, Қордың сыбайлас жемқорлық пен бюджет қаражатын жымқыруға жағдай жасап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Жоғары аудиторлық палата кейбір медициналық қызмет көрсетушілер мен олардың қосалқы орындаушыларында мүдделер қақтығысы барын тікелей көрсеткен. Яғни бірқатар ұйымдарда құрылтайшы бір адам болып келеді. Бұл жағдай қызмет көлемін «өз адамдарына» бағыттауға мүмкіндік береді.

Ол бұл көлемнің үшінші тұлғаларға кетпей, өзіне жақын компанияларға барғанын қалайды. Яғни туған бауыры, құда-жекжаты, әпке-қарындасы, әйелі, балалары құрылтайшы болған жерге бағыттайды. Сол "тәтті бәліш" соларға кетеді. Содан бүкіл медициналық сақтандыру жүйесі зардап шегеді, – деп атап өтті Базарбек.

Базарбек қосарланған төлемдер туралы да мысал келтірді. Оның сөзінше, Халықты тіркеу регистрі, Ақпараттық ішкі жүйе, Бірыңғай төлем шоты жүйелерінен алынған деректерге сүйенсек, ӘМСҚ стоматологиялық және офтальмологиялық қызметтерге миллиардтаған теңге төлеген. Бірақ кейін сол ұйымдар пациенттерден дәл сол қызмет үшін қайтадан ақша алған.

Бұл – 7,4 миллиард теңге. Бұл стоматология қызметтері бойынша жалпы көлем. Оның ішінде қосарланған төлемнің өте көп фактілері бар, – деп нақтылады депутат.

Депутаттың айтуынша, заң бұзған ұйымдармен келісімшартты бұзудың орнына Қор тек «жеңіл ескерту жасап», «сипап өтумен» шектеледі. Осыған байланысты ол адал емес медициналық ұйымдардың арнайы тізілімін (реестрін) жасауды ұсынды. Егер ұйым тіркеуде қолдан дерек қосу, қосарланған төлем немесе басқа да алаяқтық әрекеттермен ұсталып қалса, онда ол ұйым 5 жылға дейін МӘМС жүйесінен шеттетілуі керек.

Осы реестр арқылы біз бүкіл медициналық нарықты сүзгіден өткіземіз, яғни халықты нақты қызмет көрсетпейтін, адал емес қатысушылардан қорғаймыз. Кейбір жағдайларда МӘМС жүйесінде тіпті қылмыс туралы сөз болып отыр. Кейбір ұйымдар медициналық мекеме болып көрініп, шын мәнінде ақша ұрлап отыр, – деді Мәжіліс депутаты.

Базарбек сондай-ақ кейбір ұйымдар өте көп көлемдегі халықты (80–90 мың адамға дейін) өзіне тіркеп алғанын, бірақ олардың өз меншігінде ғимараты жоқ, бәрі жалға алынғанын айтты. Депутат мұндай жағдайда міндеттемелер орындалмаса, ұйымнан мүлік өндіріп алу мүмкін болмай қалатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы