17 тамыз күні Ақмола облысында апатқа ұшыраған жеке ұшақтың бортында 43 жастағы Диана Ахметова болған. Оның артында үш баласы қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі newtimes.kz-ке сілтеме жасап.
Әйел ұзақ жылдар бойы армандап жүрген тілегін орындап, туған күнінде өзіне сыйлық жасағысы келген.
Өкінішке қарай, сол арманын орындамақшы болған сапары соңғысына айналды. Дианамен бірге әуе кемесінің иесі Арман Мусин де қаза тапты.

Марқұмның таныстарының айтуынша, Диана Ахметова туған күнінде өз-өзіне сыйлық ретінде жеке ұшақпен ұшуды жоспарлаған. Ол туған күнін 16 тамызда атап өткен, ал келесі күні сағат 17:00-ге әуе сапарына жазылыпты. Ұшақ Төңкеріс ауылы маңынан көтерілуі тиіс болған.

Диана ол жерге таксимен жетіп, бұл жайлы құрбысына хат арқылы хабарлаған. Ұшар алдында аймақта жаңбыр жауа бастағандықтан, ол әуе сапары болмай қалады деп қатты алаңдапты.
Кішкентай ұшақ қой. Бірақ қазір жаңбыр басталып кетті. Егер мен жетсем, ал ұшуды тоқтатса өте өкінішті болады, – деп жазған ол құрбысына.
Сондай-ақ хаттарында бастапқыда 16 тамызда – туған күнінде ұшуды жоспарлағанын, бірақ ауа райына байланысты кейінге шегергенін айтқан.
Мен негізі кеше ұшайын дегенмін. Туған күнімде болсын дедім. Бірақ кейінге қалды. Мен барып аман-есен қайтсам, кейін сіздерге барлығын жазып, айтып беремін, – деген.
Диананың танысының сөзінше, ол алдын ала әуе компаниясымен сөйлесіп, нұсқаулық алған.
Онда:
"Егер сіздің жазылған күніңізде жаңбыр жауса, барлық рейстерді тоқтатуға мәжбүр боламыз, басқа күнге ауыстырамыз немесе алдын ала төлемді қайтарамыз" деп көрсетілген.
Алайда, Төңкеріс ауылы маңында жаңбыр жауғанына қарамастан, ұшақ жоспарланған уақытта – сағат 17:00-де көкке көтерілген.
Диана Ахметова сағат 17:38-де қаза тапқан.
Ұшудан кейін анасымен байланыса алмаған балалар оны іздей бастапты. Бірақ полициядан ресми хабарды отбасы бірден ала алмаған.
Балалар анасын іздей бастаған соң, бізде волонтерлік топ бар, солар көмектесті. Оның соңғы орналасқан жері – Арайлы ауылының маңы болып көрсетілген. Ал кешкі 9-дар шамасында жаңалықтардан ұшақ құлағанын естідік. Бірақ полиция туыстарына оның қаза тапқанын тек түн ортасында хабарлады. Сағат 12-де ғана оның ұшақта болғанын білдік, – дейді Диананың танысы.
Әйелдің артында 3 баласы қалды. 19 жастағы қызы және кәмелетке толмаған екі ұлы – 12 және 14 жаста. Өткен жылы балалардың әкесі өмірден өткен.
Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін әуе сапарын ұйымдастырған polety_astany компаниясының өкілдері марқұмның отбасына хабарласпаған. Тіпті, олардың айтуынша, оқиғадан кейін компания Instagram-парақшасын бірден өшіріп тастаған.
Бұған дейін Ақмола облысында жалпы мақсаттағы авиация желісі бойынша ұшуды орындау кезінде Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы әуе кемесі апатқа ұшырағанын хабарланғанбыз.
Оқиға салдарынан ұшқыш пен жолаушы қаза тауып, полиция қылмыстық іс қозғады.
Үш баланың анасы қаза тапқан оқиғадан кейін жеке авиацияға бақылау күшейтілетіні хабарланды.