Туберкулез. Соңғы он жылда елдегі жағдай қалай өзгерді?

22 Ақпан 2022, 12:15
1883
Бөлісу:
Туберкулез. Соңғы он жылда елдегі жағдай қалай өзгерді?
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының» директоры Мәлік Әденов «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес» күніне орай өткен брифингте елдегі туберкулез ауруының таралуы жайлы айтты.

Оның айтуынаша, Қазақстанда туберкулезге шалдыққандар көрсеткіші соңғы 10 жылда 2,3 есеге төмендесе, өлім-жітім 4,1 есеге азайған. Ал, 2021 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда өлім-жітім 1,7 пайызды құраған.

Үкіметтің және халықаралық серіктестердің қолдауымен атқарылып отырған кешенді жұмыстардың арқасында ауруды төмендете алдық. Бүгінде еліміздің барлық аудандарына дейін туберкулезді анықтайтын жаңа технологиялар енгізілген. Ол туберкулезге жылдам диагоностика жасайды және әлем бойынша өзінің тиімділігін көрсете білді. Бұл аппарат екі сағат ішінде туберкулездің бар-жоғын және сырқаттың қандай формасы екенін анықтап береді. Яғни оны емдеу үшін тиімді ем-дом тағайындауға жағдай жасайды,-деді ол.

Сонымен қатар ол елімізде туберкулезбен ауырғандарға әлем бойынша тиімділігі жоғары дәрі-дәрмек берілетінін атап өтті.

Елімізде емдеу тәсілдері өте жоғары. Барлығы халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Оның үстіне тиімділігі жоғары дәрілердің арқасында туберкулезді емдеу сапасы жыл сайын артып келеді. Амбулаториялық режимде ем алып жатқан науқастар мемлекеттік қолдауға ие. Өткен жылы еліміз бойынша амбулаториялық режимде ем алып жатқандарды қолдауға мемлекеттен 1,6 млрд теңге бөлінген. Бұл көптеген науқастың емді үздіксіз алуына жағдай жасады. Туберкулезді емдеу ұзақ мерзімге созылады, ең азы 6 ай, ең ұзағы 20 ай. Ұзақ мерзім ем алу науқас үшін оңай емес, сондықтан бұл әлеуметтік көмек нақастың ем алуына жағдай жасау үшін беріледі. Ал, науқастар берілетін дәрілерді үздіксіз тұтынуға міндеттеледі, -деді Әденов.

Сөз арасында ол еліміздегі халықтың осал топтарын қолдау үшін халықаралық ұйымдар туберкулез, АТИВ бойынша арнайы гранттар бөліп отырғанын жеткізді.

Еліміздің барлық өңірінде 19 ҮЕҰ туберкулезге қарсы күрес бойынша қызмет етіп жатыр. Олар  халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді және олардың арыздары мен туберкулез белгілері бар науқастарды анықтап отырады. Сондай-ақ туберкулезге ұқсас белгісі бар адамдарды емханаға барып қаралуына кеңес беріп отырады,-деп түсіндірді орталық директоры. 
 

Өзгелердің жаңалығы