Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «ТТС» ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшысы мен қатысушыларына қатысты шулы іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды tumba.kz.
Сот аталған ҰҚТ басшысы Рзабек Жексенбаевты 20 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеуге кесті.
ҰҚТ өзге мүшелері Досан Бимырза мен Ернұр Зорбай тиісінше, 15 және 14 жылға бас бостандығынан айырылды, олар жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.
Іс бойынша негізгі айыпталушылар Қылмыстық кодекстің жеті жалпы қылмыстық бабы бойынша сотталды, олардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жасалған «Кісі өлтіруге оқталу», «Атыс қаруын заңсыз сақтау», «Қорқытып алушылық», «Адам ұрлау», «Бұзақылық» және басқалары бар.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың шілде айында ҚР ҰҚК және ІІМ қызметкерлері Маңғыстау облысы аумағында әрекет еткен аса қауіпті ҰҚТ көшбасшысы мен мүшелерін ұстаған болатын. Сол кезде заңсыз айналымнан 15 атыс қаруы, оның ішінде «АК-74» автоматы, «ТТ» жүйесінің тапаншасы, револьверлер мен аңшылық мылтықтардың кесінділері алынды.