Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн Үкімет отырысында айтты.
Жалпы, жедел шараларды қабылдау нәтижесінде соңғы екі аптада тәулігіне ауру жұқтыру көрсеткіші 4 пайыздан 2,1 пайызға төмендеді. Коронавирустан сауыққандар саны 60 пайызға жетті. Жедел жәрдемді шақыру көрсеткіші 23 пайызға, провизорлық кереуеттер 20 пайызға, жансақтау кереуетін пайдалану 6 пайызға төмендеді. Мемлекет басшысының сапалы ұйымдастыру және дәрі-дәрмек сатып алу тапсырмасы бойынша дәріні бір реттік кіргізу бойынша сертификаттау мен тіркеу тәртібі жеңілдетілді, - деді ол.Цой өңірлерде арнайы тұрақтандыру қорлары жасақталғанын айтты.
Дәрі-дәрмектің айлық қоры жасақталуда. 22 шілдеге дейін медициналық ұйымдарға дәрілердің бір айлық қоры жеткізіледі. "СҚ- Фармация" негізінде республикалық тұрақтандыру қоры құрылады. Мемлекет басшысы лабораториялық қуаттылықты күніне 40 мың ПТР тестке жеткізуді тапсырды. Бүгінде тестілеудің көлемі тәулігіне 32 мыңды құрап отыр, - деді ол.Цой эпидемиологиялық жағдайдың жыл соңына дейінгі болжамы мен ПТР лабораториялардың қуаттылығын арттыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қанша қаражат керек екенін айтты.
ПТР тесті бойынша қызмет көрсетуге 42 млрд теңге, 67 мыңнан астам ветеринарлық лаборатория қызметкерлерінің іс-сапарын өтеу үшін 170 млн теңге қажет. Облыс әкімдері аудан ауылдарына сынамаларды жеткізу үшін көлік мәселесін шешуі керек, - деді ол.Естеріңізге сала кетейік, министр алғы шептегі қызметкерлерге қорғаныш киімдерін сатып алуға 7,2 млрд теңге бөлінгенін айтқан еді.