Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алексей Цой Денсаулық сақтау министрі қызметінен не себепті кеткеніне қатысты пікір білдірді.
Бүгін менің азаматтық секторға ауысып, ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосу туралы шешімім қолдау тапты. Мемлекет басшысы СOVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандырып, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруды тапсырды. Біз эпидемиологиялық қатерге әрекет ету үшін жағдай жасадық. Әр өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, жедел жәрдем көліктері паркі, ӨЖЖ аппараттары, ауылдағы жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды. Отандық фармөнеркәсіптің өндірімділігі жоғары деңгейді көрсетті, дәрілік құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті қоры құрылды, СЭС мен зертханалық қызметтің әлеуеті артып, QazVac вакцинасы шығарылды, - деп жазды Алексей Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар ол қысқа уақыт ішінде денсаулық сақтау саласының бекігенін алға тартты.
Біз медқызметкерлердің еңбекақысын жүйелі негізде арттырдық. ҚАЖ медқызметін Денсаулық сақтау министрлігіне беру, фармөнеркәсіп, биологиялық қауіпсіздік, медқызметкерлердің мәртебесін арттыру бойынша заң жобалары әзірленді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітілді, ДДСҰ, ЮНИСЕФ және БҰҰ-ның өзге де агенттіктерімен сенімді әріптестік жолға қойылды, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша жобалар іске қосылды. Бұл әріптестермен жақсы нәтижеге қол жеткізе алған бірнеше бағыттар ғана, - деді экс-министр.
Сондай-ақ ведомствоның бұрынғы басшысы жаңа еңбек жолын бастаймын деп отыр.
Жақын арада еңбек жолымның жаңа бағдарын айқындайтын боламын. Алда жаңа жобалар күтіп тұр, - деп ағынан жарылды Цой.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алексей Цойдың қызметінен босатылғаны туралы жазған болатынбыз.