Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
«2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 20 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланды. Сол жоспарға сай жұмыстар толық орындалды. Бұл қаржының 99,8% игерілді. «Экономика салаларын цифрландыру» бағыты бойынша келесі маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен: отын-энергетикалық және тау-кен металлургиялық кешендерінде 4.0 Индустриясы элементтерін қолдану арқылы: еңбек өнімділігі орташа есеппен 10% артты, жекелеген өндірістерде электр қуаты 33% дейін үнемделді, жабдықтарды пайдалану коэффиценті 50% ұлғайды», - деді Дәурен Абаев.
Министр пайдалы қазбалары бар 7 ірі кен орындарына «Интеллектуалды кен орны» және «Цифрлық бұлақ» жобалары енгізілгенін айтты.
«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының УАЗ шоғырында мұнай өндіруді 773 тоннаға арттыруға мүмкіндік пайда болды. Ал электр қуаты 33% үнемделді. 2019 жылы осындай жүйе бойынша жұмыс жасайтын нысандар санын 12 бірлікке жеткізу жоспарланып отыр», - деді ақпарат және коммуникациялар министрі.
Оның айтуынша, тау-кен өнеркәсібінде 102 кәсіпорын «айқын» өндіріс деңгейіне ауыстырылған. Бұл барлық өндіріс дерегін цифрландыруға және ақпараттық ағынды басқаруға жол ашады.
«Бүгінде 4 жоба пайдалануға берілді. Аталған кәсіпорындарда цифрлық технологияларды қолдану есебінен өнімділік 10% артты, еңбек шығындары 30% дейін және өндірістік шығындар 10% дейін төмендеді. Іске қосылған «Өскемен титан-магний комбинаты» өндіріс баланстарын қалыптастыру және есептеу жүйесін енгізуге арналған жобалардың бірі «ҚБТУ инжиниринг және ақпараттық технологиялар» АҚ отандық ұйымның цифрлық шешімдеріне жұмыс істейді», - дейді Абаев.
Ол қорларды жоспарлау ақпараттық жүйесін енгізу арқылы ERG кәсіпорны ендігіде бірегей, біртұтас құрылымдалған массив бойынша жұмыс атқаратынын айтты.
«Бизнес-процестер стандартталған әрі ашық түрде жүргізіледі. Қызметкерлер қосымша білім алды, 250 жаңа жұмыс орны құрылды. Жобадан түсетін экономикалық пайда 2021 жылы 123 миллиард теңгені құрайды», - деді министр.