Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елдің үш аймағына 250-ге жуық Starlink терминалын жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәлімдеуінше, осылайша Ақмола облысына 138 терминал, Жамбыл облысына 53 терминал және Жетісу облысына 55 терминал жеткізілді. Осы өңірлерде терминалдарды қосу жақын арада жоспарлануда.
Жалпы бүгінгі таңда еліміз бойынша 502 ауылдық мектеп Starlink технологиясын қолдана отырып интернетпен қамтамасыз етілген. Терминалдарды орнатқаннан кейін мектептердегі Интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с жетеді.
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі облыстық әкімдіктердің сұраныстарына сәйкес су тасқыны аймағындағы өңірлерге 48 Starlink терминалын жібергенін айта кеткен жөн.
Министрлік Қостанай облысына 30 терминал, Ақтөбе облысына 3 терминал, БҚО-ға 3 терминал, Ұлытау облысына 1 кешен, Атырау облысына 6 терминал, ШҚО-ға 2, СҚО-ға 3 терминал жіберді. Starlink, ең алдымен, үздіксіз оқу процесін қамтамасыз ету үшін облыс мектептерін жабдықтайды.
Өткен аптада министр Бағдат Мусин SpaceX жаһандық байланыстар және белсендіру жөніндегі директоры Ребекка Хантермен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанда Starlink технологиясын кеңейту, ауылдық мектептерді кең жолақты интернетпен жарақтандыру, сондай-ақ цифрлық жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, SpaceX өкілдері Шұбар ауылындағы Starlink-ке қосылған мектептердің біріне барды.
Цифрлық даму министрлігі өңірлердің ауылдық мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Алдағы уақытта басқа аймақтарға қосымша Starlink терминалдарын жеткізу жалғасады.