Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Цифрлық әріптестік: Қазақстан мен Қытай арасында мүмкіндіктер көп – сарапшы

17 Маусым 2025, 09:36
492
Бөлісу:
 ҚСЗИ
Фото: ҚСЗИ

Бүгін елордада "Орталық Азия-Қытай" саммиті өтеді. Өңірлер талқылайтын маңызды мәселелердің бірі – цифрландыру, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы орайда ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев не нәрсеге мән беру қажеттігін айтты.

"Орталық Азия-Қытай" саммиті қарсаңында технологиялық әріптестік мәселесі айрықша өзектілікке ие болып отыр. Қытай – дата-орталықтардан бастап өндірістік тізбекке дейінгі шешімді ұсынуға дайын санаулы ойыншылардың бірі. Қазақстан өз кезегінде инфрақұрылымның жылдам дамуына қызығушылық танытты. Бұл жерде екі тарап та іс жүзінде тиімді таңдау жасады: бірі – технология берсе, екінші тарап – нарық пен пилоттық жобалар үшін алаңды ұсынады, - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол қазақстандық делегацияның Қытайдағы зерттеу орталықтарына жасаған сапарына тоқталды.

Қазақстандық делегацияның Қытайдағы Huawei зерттеу орталықтарына жасаған сапары екі ел арасындағы технологиялық серіктестіктің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Бұрынғыдай тек жабдық сатып алумен шектелмей, тараптар енді өндірісті жергіліктендіру мен бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Алайда осы тұрғыда ынтымақтастық қаншалықты тереңдейді және бұл қадам Қазақстанды технологиялық тұрғыда тәуелді ету қаупін тудырмай ма деген сұрақ туындауы заңдылық. Мәселе тек техникалық кооперацияда емес. Бұл – стратегиялық таңдау. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда көптеген ел Қытайдың цифрлық алыптарымен байланысын қайта қарап, қауіпсіздік пен егемендік мәселесін алдыңғы орынға қойып жатқанда, Қазақстан үшін де салмақты шешім қажет, - деп атап өтті Айдар Құрмашев.

Спикердің айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың ұлттық банктері арасында цифрлық валюталар жөніндегі меморандумға қол қойылуы – заманауи жаһандық трендтерге сай, қисынды қадам. Алайда мұндай стратегиялық бастамаларға қатысу – терең ойластырылған, өлшенген шешімдерді талап етеді.

Қытай цифрлық юаньды сынақтан өткізіп, пилоттық режимде іске қосса, Қазақстан өз цифрлық теңгесін енгізді. Ендігі маңызды мәселе – осы ынтымақтастық аясында ұлттық мүддені сақтау. Себебі бірыңғай цифрлық жүйені ойланбай қабылдау жергілікті ерекшеліктерді елемеуге, ал ол өз кезегінде тәуелділікке әкелуі мүмкін. Цифрлық технологиялардың өзі маманд болмаса, нәтижеге жетуі екіталай. Ал біздегі IT, телекоммуникация және жасанды интеллект салаларындағы кадрлық әлеует шектеулі күйде қалып отыр. Бұл – кез келген ынтымақтастықтың тек үстірт болуына себеп. Иә, Қытай маман даярлау мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін ұсынып келеді, бірақ толықтай сыртқы ресурсқа сүйену – тек уақытша шешім ғана. Ұзақ мерзімді табыс үшін білім мен ғылымға отандық инвестиция ауадай қажет, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар цифрлық серіктестік тек техникалық шешімдермен шектелмейді деп отыр. Ол нақты ережелер мен шекараны қажет етеді.

Деректер кімнің қолында? Киберқауіптерді кім бақылайды? Жауапкершілік кімге жүктеледі? Қазақстан осы сұрақтарға алдын ала нақты жауап беріп, өз цифрлық инфрақұрылымын сырттан басқарылатын "қара жәшікке" айналдырмауы тиіс. Бұл ретте технологиядан бұрын институционалдық дайындық пен құқықтық ашықтық қажет. Қытаймен цифрлық саладағы серіктестік әлеуеті мол, тіпті стратегиялық сипат алуы мүмкін. Бірақ бұл жолда қадам терең сарап пен салмақты шешімді талап етеді, - деді Айдар Құрмашев. 

Еске салайық, осыған дейін сарапшы Орталық Азия мен Қытай ынтымақтастығы қалай өзгеретінін айтты. 

Өзгелердің жаңалығы