Цифрларды қуалаудың қажеті жоқ. Қошанов Мусинге нақты іске көшу керегін айтты

6 Сәуір 2022, 12:23
3407
Бөлісу:
Цифрларды қуалаудың қажеті жоқ. Қошанов Мусинге нақты іске көшу керегін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінен Бағдат Мусинге интернет сапасына қатысты сұрады.

Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын тұрғындардың қоятын сұрақтарының бірі – сапалы интернетке қол жеткізу туралы. Мысалы, Ақмола облысы Сандықтау ауданының Петрековка, Арбузинка және басқа да бірқатар ауылында 250 адамнан астам халқы бар ауылдар интернетке қол жеткізе алмай отыр. Қазақтелекоммен байланыс жүргізу жұмыстары жыл сайын кейінге қалдырылып жатыр. Мектеп оқушылары онлайн ресурстарға қол жеткізе алмайды. Сондай-ақ халық мемқызметті де ала алмайды. Одан бөлек, медициналық қызметтер де зардап шегіп отыр, - деп айтты депутат Дементьева.

Оның дерегінше, Қазақстан бойынша мыңнан астам елді мекен осындай жағдайда.

Сапалы интернет барлық ауыл тұрғындары үшін қашан қолжетімді болады? Министрлік оның сапасын бақылауды қалай жоспарлап отыр? – деп сұрақ қойды Мәжіліс депутаты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінен Бағдат Мусин ведомство өз тарапынан бақылау жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

2019 жылға қарағанда (50-ге жуық тексеріс жұмыстары жүргізілген) 2021 жылы 560 тексеру жұмыстары жүргізілді. Олардың барлығын есептесек, операторларға 130 млн теңгеге айыппұл салынды. Бірақ бұл сома өте аз. Сол себепті бұл мәселені күшейтуді жоспарлап отырмыз, - деп айтты Мусин.

Сөзінше, айыппұл көлемі 10 есеге ұлғайтылады. Нәтижесінде салынған миллиардтаған айыппұлдан кейін операторлар ауылдардағы интернеттің сапасын жақсартады деп күтіліп отыр.

250-дан асқан ауылдар туралы айттыңыз. Бірақ маған әкімдік берген дерек бойынша Арбузинкада 189 адам тұрады. Бірақ оған қарамастан бақылауды күшейтудің арқасында тізіміміз өзгеріп жатыр. Операторлардың «интернет бар» деген жерінде қазір интернет жоқтығы белгілі болып жатыр. Сол себепті олар интернеті жоқ тағы 200 ауылдық жерді тізімге қосты. 250-ден асатын тұрғыны бар ауылдар 200-ге жуық. Бұл ауылдарға интернетті OneWeb, Space X технологиялар арқылы жеткіземіз, - деп жауап берді Цифрлық даму министрі.

Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов министр Бағдат Мусинге цифрларды қуалаудың қажеті жоқ екенін айтып, ескерту жасады.

Жаңа депутат Дементьева айтқан 250-ді 189 адам деп түзетіп жатырсыз. Негізі 189 адам ба, 250 адам ба, бәрі қазақстандық. Олар байланыспен, интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Сондықтан цифр қуалағаннан гөрі, нақты іске көшу керек. Бұл – біріншіден, Екіншіден, алыс ауыл емес, тіпті елорданың жанындағы 2-3 шақырым жердегі ауылдарға барсаңыз, интернет жоқ. Осыны да қалай шешуді ойластырыңыз, - деп айтты Қошанов министрге.

Өзгелердің жаңалығы