Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Цифрландырудың арқасында кедендік түсім 566 млрд теңгеге артты

Бүгiн, 11:47
108
Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Нұркен Алишев
Фото: BAQ.KZ архиві/ Нұркен Алишев

Қазақстанда цифрландырудан арқасында 11 айдың ішінде 566 млрд теңге кедендік төлем түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, министрлік көлік-транзит саласын дамыту аясында кедендік әкімшілендіруді цифрландыру мен өткізу пункттерін жаңғырту бойынша кешенді жұмыс атқарып жатыр.

Кедендік транзит, интеграцияланған бақылау және алдын-ала хабарлау сияқты 20 модульдің 16-сы қосылды, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Оның ішінде:

  • транзиттік декларациялардың едәуір бөлігі автоматты түрге шығарылды;
  • рәсімдеу уақыты қысқартылды, мысалы, транзит – 30 минуттан 10 минутқа дейін, контейнерлік пойыз – 3 сағаттан 30 минутқа дейін;
  • «бір терезе» қағидаты бойынша Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің қызмет түрлері интеграцияланды;

электрондық кезек ретке келтірілді:

  • дұрыс емес брондау жойылды, VIN-кодтар бойынша бақылау күшейтілді,
  • тез бұзылатын тауарларға, қауіпті жүктер мен жануарларға, сондай-ақ еліміздің экспорты үшін, жекелеген слоттар бөлінді;
  • сервистер төрт тілге аударылды және «WeChat» мессенджерімен интеграцияланды;
  • Қытай және Өзбекстанмен цифрлық өзара іс-қимылды дамыту жұмыстары жүргізілді, оның ішінде инспекциялық тексеріп-қарау суреттерін өзара тану және «жіксіз транзит» элементтерін енгізу жұмыстары атқарылды;
  • инспекциялық тексеріп-қарау суреттерін автоматты түрде талдау және сәйкес келмейтіндерді айқындау үшін, жасанды интеллект элементтері енгізілді.

Министрдік мәлімдеуінше, бұл рәсімдердің тиімділігі мен ашықтығын арттырады, адами фактордың араласу тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз етеді.

Биыл 11 айда кедендік төлемдер түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16% өсіп, 566 млрд теңгені құрады. Логистикалық операцияларды көлік-логистикалық орталықтарға және уақытша сақтау қоймаларына көшіру нәтижесінде, көліктің өту уақыты 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартылды, - деді Мәди Тәкиев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда көліктер өткізу пункттерінен шамамен 10 минутта өтетін болады.

Өзгелердің жаңалығы