Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары азаймай тұрғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.