Бүгін – елімізде Еңбек күні. Тынымсыз еңбек еткенімен, кейде ерлікпен пара-пар еңбектері көзге түсе бермейтін мамандықтың бірі – дәрігерлер қауымы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтулы күні дәрігерлер әулетінен шыққан білікті гепатопанкреатобилиарлық хирург, елдегі ағза ауыстыратын сирек оталарды жасайтын трансплантолог, Ұлттық ғылыми онкология орталығының гепатология, гастрэнтерология және трансплантация орталығының меңгерушісі Жанат Сыпатаевпен әңгімелескен болатынбыз.
- Жанат Сейітбатталұлы, ата-анаңыз да халықтың алғысын алған құрметті мамандықтың иесі екен. Сіз де әулетіңіздің жолын жалғап келе жатырсыз. Оның сыры неде деп ойлайсыз?
- Мен дәрігерлер әулетінің екінші ұрпағымын. Оның ешқандай құпиясы жоқ. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ата-анамды үлгі тұтып өстім. Жалпы, әулет болып бір мамандықты меңгерудің жақсы не жаман екендігі туралы ешқандай зерттеулер жоқ. Бірақ кейде әулетте сол мамандық неғұрлым ұзағырақ сақталған сайын, ол балаларына ақпаратты ұсыну тұрғысынан барынша тұрақты екенін көреміз. Мамандыққа қатысты дәстүр авторитарлық әдіспен де, сондай-ақ тәрбие мен кәсіби құндылықтарды, нормаларды, білім мен машықты үйрету арқылы да бойға сіңуі мүмкін. Дегенмен тіпті, бір олқы тұсын атаған болар едім, ол – жабықтық, монополия.
Мәселен, Кеңес дәуірінде дәрігерлердің балалардың жартысынан көбі ата-анасының жолын жалғады. Ал 1990-шы жылдары дәрігер мамандығы танымал болған жоқ, оған сол кездегі экономикалық жағдай, жаңа технологияның дамуымен жаңа мамандықтардың пайда болуы әсер етті.
Қазір де ол үрдіс сақталып келеді. Мысалы, біздің заманымызда емдеу факультетіне түсу қиынның қиыны болса, қазір стоматология факультеті мен бухгалтер, заңды, мұнай, газ саласындағы мамандықтарға түсу қиын.
Бірақ Америкада медицина әлі сол биігінде деп ойлаймын. Бұл оқу ақысының қымбаттығы және дәрігерлердің жалақысының жоғарылығымен байланысты.
Өзімнің әулетіме келсем, ата-анам – дәрігерлер. Анам Медициналық институтты бітіріп, санитарлық дәрігер болып жұмыс істеген. Қазір сексеннің сеңгірінен асты, шүкір. Өзімнің жанымда. Еліміздегі үлкен санаторийлердің бірін басқарған.
Әкем еңбек жолын аудандық ауруханада хирург болып бастаған. Бастапқыда аппендицит, жарық сынды диагноздармен түскен науқастарға әртүрлі операциялар жасаған. Одан соң Талдықорғанға ауысып, облыстық ауруханада әрі қарай хирург ретінде біліктілігін шыңдай түскен. Ол жерде асқазанды резекциялау сынды күрделі оталарды жасауға кіріскен. Әкем поливалентті хирург болды, яғни балаларға да, ересектерге де ота жасай беретін. Абдоминалды хирургияда да, травмотологияда да жұмыс істеген. Кейіннен қан ауыстыру станциясында бас дәрігер болып еңбек етті. Мен медучилищеде оқып, сол жерге келген кезде әкеммен бірге жұмыс істеген әріптестері ол туралы жылы естеліктерін айтатын. Әкем ең бірінші жақсы дәрігер ғана емес, жақсы адам болды (ойланып...)
Өкінішке қарай, әкем марқұм өмірден ерте өтті, мен үшінші сыныпта оқып жүргенде айырылып қалдық. Әрине, дәрігердің кәсіби біліктілігін бойыма сіңіріп үлгермесе де, ол жақсы тәрбие берді. Әлі есімде, жұмысының тығыздығына қарамастан әр сенбі, жексенбі сайын бізбен бірге отырып сурет салып, шахмат ойнап, мейрамханаға апаратын.
Әкемнен маған үлкен кітапхана қалды. Ол көп оқитын, кітап жинайтын қасиеті болатын. Кейін жаңа пәтерге көшкенімізде кітаптарды не істеймін деген сұрақ туды. Кей адамдар бір жерге кітапханаға өткізе салсаңшы деп ақыл айтты. Бірақ қызым: «Әке, атамның кітаптарын ешкімге бермеңізші. Әйтпесе, атам ренжіп қалып, сізге көмектеспей қояды» деді. Кітаптар үйімде сақтаулы.
- Әулетіңіз атын шығарған, Гиппократ антына адал осы дәрігерлердің мықтылығы неде деп ойлайсыз?
- Ата-анам өмір сүрген сол буынның күші – адамдар ақшаның соңына түспей, қандай да бір идеямен талпынып жұмыс істегендігі деп ойлаймын. Әріптестерім ренжімесін, бірақ сол кездері қазіргіге қарағанда моральдық тазалық көп болған сияқты.
- Дәрігерлікті жаныңыз қалады ма?
- Менің дәрігерлік жолды жалғастырғаныма не себеп дейсіз бе? Бала кезімде кәдімгі бала болып өстім. Менің екі үлкен ағам дәрігерлікті таңдаған жоқ. Айналамдағылардың бәрі ата-анамның жолын мен жалғауым керектігін айтатын. Автоматты түрде өмірдің ағынымен жүзіп, дәрігер болдым. Қазір осы таңдауыма ешқандай да өкінбеймін. Анам, бауырларым, маңайымдағы жандардың бәрі маған қолдау көрсетіп, нағыз дәрігер болуыма көмектесті.
Балалық шағым дәрігерлердің ортасында өтті. Ағамның келіншегінің әкесі, яғни құдамыз да хирург болған. Анголада жұмыс істеді, кейін үйіне оралған соң аудан орталығында асқазанға резекция жасады. Ол кезде аудандық ауруханада ондай ота жасау қайда?! Ондай операцияларға ірі емханалардың ғана тісі бататын. Ал ол кісінің жұбайы офтальмолог еді, туыстарымыз, достарымыздың арасында дәрігерлер көп болды.
Әулеттің бір мамандықты таңдауы білім деңгейіне әсер ете ме, жоқ па, білмеймін, бірақ өзім құрмет тұтатын бір дана адам маған онда бір гәп барын айтты.
- Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуғанын қалайсыз ба?
- Әрине, балаларымның менің ізімді жалғағанын қалар едім. Кез келген дәрігер осыны қалайды. Жақында бір конференцияда екі белгілі профессорға осы сұрақты қойдым. Олар: «Иә, балаларымыздың дәрігер болғанын қаладық» деп сеніммен жауап берді. Кез келген дәрігер жұмыс істей жүріп, адамдарға көмектесіп, содан ләззат ала біледі. Балалары да соны сезінсе екен дейді.
Үлкен қызым дәрігер болғысы келмейтін. Қазір ойын өзгертті. Ал кішкентай қызым мамандық таңдағанға дейін біраз уақыт бар.
- Неліктен хирургия саласын таңдадыңыз?
- Институтты бітірген соң мен анестезиолог болып жұмыс істедім. Одан соң жалпы хирург болдым. Бірақ мұның барлығы бір жалықтыратын жұмыс іспеттес көрінетін. Бұл қиын-қыстау 1990-шы жылдар еді. Ақша жетіспейді. Бітпейтін кезекшілік... Есейдім бе, не істеп жүрмін деген ойлар келе бастады. Бауыр және ұйқыбез хирургиясымен айналыса бастадым. Сол салада бойынша оқып, білімімді жетілдіруді қолға алдым. Иә, өте күрделі бағыт. Оның үстіне, бауыр трансплантациясы – Қазақстандағы жаңа, тың, қиын сала. Бірақ сол қиындығымен мені еліктіріп, басқа бір әлемге енгендей сезіндім. Зерттеулер, ғылымдағы жаңалықтармен танысу, түрлі тәсілдерді меңгеру, дәрігерлердің қызықты оқиғалары – бәрі-бәрі мені елітіп әкетті. Меңгеруші болған кезде ұжымды басқару маған одан сайын қызық болды. Бұл да өзіңді басқа қырынан сынап көру ғой. Өзіңді қалай ұстайсың, тек өзіңе ғана жақсылық жасайсың ба немесе бүкіл ұжымыңның гүлденуі үшін барыңды саласың ба?! Бірақ ол үшін өзіңнің қандай да бір қасиетіңді, мінезіңді құрбандыққа шалуың керек. Ол сынақтың бәрінен өттім деп ойлаймын. Қазір ұжымымды мақтан тұтамын. Жұмысымнан, әріптестеріммен бір ұжымды еңбек етуден ләззат аламын.
2008 жылы Астанаға көшіп келдік. Бастапқыда қалалық ауруханаға орналасып, жалпы хирургиямен айналыстым. Екі жылдан соң жаңадан ашылған жедел жәрдем ауруханасына ауыстым.
- Еліміздегі бауыр мен ұйқыбезді ауыстыратын мықты мамандардың бірісіз. Ал трансплантологияға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтіні рас...
- Иә, мен осы салаға бет бұрған кезде бүйрек ауыстыру оталары жасалып, бауыр трансплантологиясын жасамайтын. Пациенттер парағы толық, бірақ хирургтердің ешқайсысының аяғы тартпады, өйткені өте күрделі операция. Бауыр мен ұйқыбез – секреторлық ағзалар, тереңірек өту керек, сол себепті асқынулар өліммен аяқталу қаупін тудырады.
Белорустар мен ресейліктер бауыр трансплантациясын қолға ала бастаған сәтте біз де неге көрмеске деп шешім қабылдадық. Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургия институтымен бірге алғашқы қадамдарды жасадық.
Оның үстіне, елімізде бауыр трансплантациясы бойынша тәжірибе жоқ, мединституттарда да оны оқытпайды. Бәрін өзіміз қолға алып, әдебиеттерді зерттедік. Кореяға, Түркияға, Беларусь еліне шетелдік тағылымдамаларға бардық.
- Өздігіңізден бауыр трансплантациясын қашан жасадыңыз?
- Ондай шешімді қабылдау оңай болмады. Беларусь және Ресей хирургтарымен бірлескен операцияларға кіріп жүрдік. 2013 жылы бауыр циррозына шалдыққан пациентімізге донор табылды. Беларусь еліндегі әріптестерімізге хабарласып, отаға шақырдық. Олардың ұшағы бірақ бір күннен кейін ғана ұшатын, ал пациентіміздің өңешінен қан кетіп, шұғыл түрде операция жасау керек болды. Операция жасаймыз ба, жоқ па деген күрделі таңдау тұрды. Нар тәуекел деп өзіміз қолға алдық, бәрі сәтті өтті. Бұл елімізде шетелдік мамандарсыз өткен алғашқы бауыр трансплантациясы болатын.
Менің түсінгенім, белгілі бір саланы таңдасаңыз, табысқа қол жеткізе аласыз. Көп емханада мамандандырылған тәсіл жоқ, дәрігерлер барлық операцияны жасай береді. Осы жолды біз де таңдадық. Орталығымызда гепатопанкреатобилиарлық хирургия, онкогепатология және ағзалар трансплантация бөлімін аштық. Сол жерді бірнеше жылдан басқарып келемін.
Жалпы, трансплантология – командалық жұмыс, бір операция жасауға 60-тай адам қатысады. Өзіңіз елестетіп көріңізші, бұрын анестезиолог наркозды екі сағатқа салса, қазір алты сағатқа жетеді. Бұрын УДЗ жасайтын дәрігер бауырдағы тасты қараса, қазір ауыстырылып салынған ағзаға қанның қалай келетінін бақылап, оның жылдамдығын анықтай алады. Бөлімшемізде микрохирургия бар: диаметрді миллиметрді құрайтын артерияларды тігеміз. Сондықтан үздік әдістемелерді тек хирургтер ғана емес, радиолог, анестезиолог, реаниматолог, трансфузиолог, медбикелер де меңгерді.
- Трансплантология саласы туралы сөз болғанда мәйіт донорлығы мәселесін айналып өту мүмкін емес. Бұл туралы әріптестеріңіз де мәселе көтеріп келеді...
- Иә, бұл тұрғыдан проблема бар. Дегенмен бізде трансплантация мен мәйіт донорлығы туралы заң бар, ауруханаларда ағзаны шұғыл алатын донорлық стационарлар да бар, бірақ іс жүзінде жұмыс істемейді. Мысалы, былтыр небәрі екі кадавр (мәйіт донорлығы) ағзасы алынған. Бұған себеп – қайтыс болған жандардың туыстары ағзаны алуға рұқсат бермейтіндігінде.
Жылына елімізде инсульт пен бассүйек-ми жарақатынан 700-дей адам көз жұмады екен. Жарайды, олардың 500-дейі медициналық көрсеткіштер тұрғысынан донор болуға жарамады делік. Бірақ қалған 200 донор бар ғой! Олардың ағзалары көптеген адамды құтқара алады. Жартысының туысы қарсы болды делік, 100 адам қалады. Соның өзімен күту парағында тұрған пациенттердің қажеттілігін жабуға болады.
- Туыстары жеке немесе діни көзқарас тұрғысынан рұқсат бермеуі мүмкін ғой?
- Дінді қатты ұстанады дейтін Иран мен Израильдің өзінде мәйіт донорлығы дамып кеткен. Ол жақтағы әріптестеріміз біздің қазіргі бастан кешіп жатқан жолымызбен жүріп өткендерін айтты. Адамдарға шыдамдылықпен және ұзақ уақыт бойы түсіндірген. Олардың жақын адамдары басқаларға өмір сыйлауы мүмкіндігін айта берген. Бұл жерде ақпараттық-ағарту жұмысының арқасында қоғамның түсінігіне қол жеткізіп отыр. Бізге де осы жұмысты жүйелі деңгейге жеткізу қажет.
- Мәйіт донорлығы болмаған кезде не істейсіздер?
- Негізінен туыстық трансплантацияны қолданамыз. Бірақ ол күрделірек. Біріншіден, дені сап-сау адамға операцияға жасауға тура келеді, қауіп те жоқ емес. Екіншіден, донордың бауырының бір бөлігін кесіп аламыз, ол жердегі тамырлар тарылып қалады, кішкентай артериялармен жұмыс істейміз. Операцияның күрделеніп кету қаупі одан сайын артады. Ал мәйіт донорлығында ағзаны толықтай алып саламыз. Қантамырлары да ірі, оны тігу де жеңілірек, асқыну да аз болады. Қазір донорлық пулды кеңейту жолдарын қаарстырудамыз. Туыстардың арасынан да үнемі донор табыла бермейді, біреудің бауыры кішкентай, енді бірінің қан тобы сәйкеспейді дегендей. Бірақ түрлі қан топтарын үйлестіруді де меңгердік.
- Бір операция қанша уақытқа созылуы мүмкін?
-Бұл жерде донор мен реципиент болғандықтан екі операция қатар жасалады. Алдымен донорға жасаймыз, ол жерде төрт хирург, екі анестезиолог, екі медбике мен бір санитар жұмыс істейді. Орта есеппен операция 4 сағатқа созылады. Донордың бауырын алған соң тамырларды дайындаймыз. Одан соң ағзаны реципиентке ауыстырып салу басталады. Хирургтер өзара ауысып тұрады. Кейде жіңішке артерияны тігу қиынға түсетін кездер болады, 5-6 рет көреміз, әрбір әрекетіміз 40 минутқа созылады. Бірақ соңында дегенімізге жетеміз. Жалпы бүкіл операция 9-10 сағатты құрайды. Операция күні барлық қабылдауларымызды тоқтатамыз, әріптестеріміз бен туыстарымызға бізді іздемеңдер деп ескертеміз. Операция бөлмесіне таңғы сегізде кіріп, кешкі жетіде шығамыз.
- Бауырды ауыстыруға әкелетін қатерлі ісік қайдан пайда болады?
- Терминалды сатыға алып келетін бауырдың барлық созылмалы аурулары қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін. Үш негізгі фактор бар: В және С гепатиті, бауырдың алкогольдік емес ауруы (семіздік) және аутоиммунды гепатит. Әлем елдерінде әртүрлі жағдай орын алады. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Израильде екінші орында бауырдың май ауруы тұрса, бізде аутоиммунды гепатит басым. В және С гепатиттері бірінші орында. В гепатитіне қарсы вакцина болса, С гепатитінен қорғану жолдары әлі күнге жоқ. Аутоиммунды гепатитте жағдай одан да күрделі: ол көптеген сыртқы және жеке факторлардың салдарынан дамуы мүмкін. Семіздікке қатысты айтсам, әр адам өзі үшін сақтық шараларын қабылдауы керек. Бала кезден дұрыс тамақтану рационын қалыптастырған жөн.
- Дәрігер ретінде арманыңыз орындалды ма?
- Иә, шүкір, армандар орындалады. Бәрі ең бірінші қажырлы еңбектің арқасы дер едім. Мен армандаған нәрселер, жасағым келген операцияларды жасадым. Білгенімді үйрету, жақсылық жасауды да жүзеге асырдым. Әкем үнемі жанымда жүргендей, маған көмектесіп тұрғандай болады. Кейде операция үстелінде тұрған кезде қандай да бір қиындық пайда болып, адамның тағдыры сенің қолыңда тұрғанда бір шешім қабылдау керек кезде аяқ астынан ойыңа шешімі сап ете түседі. Әкем жанымда жүріп, қиын сәттерде маған: «Балам, былай істе, былай жасасаң дұрысырақ» деп тұрғандай көрінеді. Дәрігер әулетінен шығудың барлық «құпиясы» осында деп ойлаймын.
- Еңбек күні құтты болсын! Сұхбатыңызға рахмет!