Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің үйлестіру платформасы іске қосылды

13 Маусым 2024, 06:15
393
Бөлісу:
Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің үйлестіру платформасы іске қосылды
Фото: gov.kz

Жаңа платформа Транскаспий көлік маршрутын Еуропаны Азиямен 15 күн немесе одан аз уақыт ішінде байланыстыратын мультимодальды және бәсекеге қабілетті бағытқа айналдыру мақсатында жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара Орталық Азия елдерінің және дәліз бойында орналасқан басқа елдердің, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен Еуроодақ құрамына кірмейтін G7 елдерінің өкілдерінің қатысуымен өтті.

Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаевтың айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту және көлік байланыстарын күшейту өңірлердің экономикалық өсуі мен өркендеуі барысында маңызды рөл атқарады.

Үйлестіру платформасының құрылуы бізге ортақ мақсаттарға жету үшін күшімізді біріктіруге, тәжірибе мен пікір алмасуға бірегей мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа Әзербайжан, Армения, Грузия, сондай-ақ Түркиядан келген әріптестеріміз шақырылғанын атап өткім келеді. Бұл өз кезегінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша ірі және тұрақты мақсаттарды іске асыру аясында маңызды рөл атқарады, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Көлік саласына жауапты министр қатысушы елдер мен ұйымдардың өкілдеріне бірегей алаң құруға қатысып, қызығушылық танытқандары үшін әрі Еуропалық Одаққа көрсетілген қолдау мен Орталық Азия елдерін дамытуға бағытталған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Транскаспий халықаралық көлік маршруты үшін құрылған үйлестіру платформасы Орталық Азия мен Еуропаның арасын жақындатуға бағытталған ынтымақтастығымыз барысында алға жасалған елеулі қадам. Тұрақты көлік байланысы аймақтың экономикалық өсуін және оның Еуропамен байланысын нығайту үшін өте маңызды. Біз серіктестерімізге даму және қоршаған ортаны қорғау мақсаттарына қол жеткізуде қолдау көрсетуге ниеттіміз, – деді сөз кезегінде Халықаралық серіктестік жөніндегі бас директораттың бірінші дәрежелі кеңесшісі Хенрик Хололей.

Тұтастай алғанда, платформа аталған дәліздің жұмысын ілгерілетуге және Орталық Азиядағы инфрақұрылым саласындағы басым жобаларды іске асыру жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге ықпал ететін болады. Ол сондай-ақ теміржол, жол және порт инфрақұрылымына инвестицияларды ынталандырады және үйлестіреді.

Айта кетерлігі, Еуроодақ ұзақ уақыт бойы өңірдің сенімді серіктесі болып табылады, сәйкесінше инфрақұрылымды жақсартуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға, тұрақты дамуды ілгерілетуге ықпал етеді. Жаңадан құрылған платформа шеңберінде бірлескен жұмыс тек көлік инфрақұрылымын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар экономикалық байланыстарды айтарлықтай нығайтуға, көлік дәліздерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ көлік секторында инновациялар мен озық технологияларды енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы