Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамптың Ұлыбританияға сапары мыңдаған адамның наразылығын тудырды

18 Қыркүйек 2025, 03:40
430
Бөлісу:
 ВВС
Фото: ВВС

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ұлыбританияға екінші мемлекеттік сапары мыңдаған адамның наразылығын тудырды. Лондондағы Парламент алаңына жиналған шерушілер түрлі ұйымдардың плакаттарын ұстап, «Трампқа жол жоқ», «Нәсілшілдікке жол жоқ», «Израильді қаруландыруды тоқтатыңдар» деген ұрандар айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Stop Trump Coalition қозғалысы ұйымдастырған акцияға 50-ден астам кәсіподақ пен қайырымдылық ұйымдары қатысты. Полиция дерегінше, шеруге шамамен 5 мыңға жуық адам жиналып, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 1600-ден астам полицей жұмылдырылды.

Наразылар арасында экобелсенділер, Палестинаны қолдаушылар және нәсілшілдікке қарсы ұйымдар болды. Кейбіреулер Трамптың алғашқы сапарында танымал болған 20 футтық «Trump baby» әуе шарының шағын көшірмелерін алып шықты.

Белсенділердің айтуынша, бұл шара Трамптың өзін ғана емес, оның саясатын айыптауға бағытталған.

Акцияның басты мақсаты – «трампизмге балама құндылықтарды» дәріптеу, яғни бейбітшілікке, әлеуметтік әділеттілікке және халықаралық ынтымақтастыққа негізделген саяси бағыт ұсыну болды.

Дегенмен, Трампты қолдаушылар да бой көрсетті. Кейбірі оны «ең ұлы Президент» деп атады. Бірақ көпшілік ысқырып, мазақтап жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы