Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамптың Тоқаевты G20-ға шақыруы Қазақстанға не береді? – саясаттанушы түсіндірді

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 07:30
153
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

АҚШ президенті Дональд Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевты G20 саммитіне шақыруы – Қазақстан мен тұтас Орталық Азияның халықаралық саясаттағы рөлінің артқанын аңғартатын маңызды сигнал, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Редакциямызға сұхбат берген саясаттанушы Жанат Момынқұлов бұл шешімді Орталық Азияның геосаяси салмағының артуымен байланыстырды.

– АҚШ президенті Дональд Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевты G20 саммитіне шақыруын қалай бағалауға болады?

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың телефон арқылы сөйлесіп, келесі жылы өтетін G20 саммитіне шақыруы – Вашингтонның Қазақстанға деген жаңа назарын айқын көрсететін маңызды дипломатиялық қадам. Сондай-ақ Өзбекстан басшысы Ш. Мирзиёевтің де осындай құрметке ие болуы Орталық Азияның геосаясаттағы маңызы артқанын аңғартады.

Бұл шақыруды тек дипломатиялық әдеп аясында қарастыру жеткіліксіз. Бұл қадам АҚШ-тың аймаққа деген мүддесінің қайта жандануы, Қытай мен Ресеймен бәсекелестік жағдайында геосаяси тепе-теңдік іздеуі және Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық субъектілік деңгейінің өсуімен тікелей байланысты. G20 – жаһандық деңгейде шешім қабылданатын алаң.

– Бұл қадам Вашингтонның қандай сыртқы логикасын көрсетеді?

Вашингтон үшін бұл – жәй дипломатиялық сыпайылықтан гөрі, таңдаулы стратегиялық қайта белсендірудің белгісі. Трамп әкімшілігі көпжақты бюрократиялық дипломатиядан гөрі нақты саяси пайдаға негізделген мәміле логикасына, транзакциялық серіктестікке, Қытайды шектеу және Ресеймен бақыланатын бәсекеге басымдық береді.

Осы тұрғыда Орталық Азия энергетикалық және көліктік дәліз, геосаяси буфер, Еуразиядағы күш балансын реттейтін фактор ретінде қайта қарастырылып отыр.

– Қазақстан мен Өзбекстанның G20 алаңына қатар шақырылуы нені білдіреді?

– Қазақстан мен Өзбекстанды G20 алаңына шақыру аймақтың дербес дипломатиялық салмағын мойындау, C5+1 шеңберінен де кең форматта диалогты дамыту ниетін көрсетеді.

Вашингтон сарапшылары Қазақстанды тұрақтандырушы фактор, сенімді делдал, қақтығыстар бойынша келіссөз жүргізуге қабілетті мемлекет әрі ядролық қарусыздану саласындағы беделді әріптес ретінде бағалайды.

– Қазақстан үшін бұл шақыру қандай мүмкіндіктер ашады?

Қазақстан үшін бұл – көпвекторлы сыртқы саясаттың табиғи жалғасы. Ол серіктестікті әртараптандыруға, халықаралық беделді нығайтуға, саяси маневр кеңістігін арттыруға және жаһандық диалог алаңдарына жақындай түсуге мүмкіндік береді.

Қазақстан бұл мүмкіндікті пайдалана отырып халықаралық салмағын арттыра алады, экономика мен инвестициялық байланыстарды кеңейтеді, сыртқы саясаттағы дербестігін күшейтеді.

Сонымен қатар Астана дәстүрлі “сақтық дипломатиясын” сақтайды. Қазақстан үшін басты қағида – ешбір бағытты абсолютті таңдауға бармай, тепе-теңдік пен стратегиялық автономияны сақтау. G20 саммитіне қатысу арқылы Қазақстанның статусы артады.

– Мәскеу бұл процесті қалай қабылдайды?

Мәскеу бұл қадамды стратегиялық сигнал ретінде бағалайды. Ресей үшін АҚШ-тың аймаққа қайта назар аударуы және бұрынғы ықпал туралы түсініктердің өзгеруі белгілі бір алаңдаушылық тудыруы мүмкін.

Сонымен қатар Кремль Қазақстанның Ресейден түбегейлі алыстамайтынын, қауіпсіздік, экономика және гуманитарлық байланыстардың сақталып отырғанын жақсы түсінеді. Сондықтан бұл үрдіс Батысқа бағытталған бетбұрыс емес, сыртқы саясаттағы теңгерімді әртараптандыру ретінде қабылданады.

– Ал Қытайдың реакциясы қандай болуы мүмкін?

Қытай бұл үдерісті мұқият бақылап отыр. Бейжің үшін негізгі мәселе – АҚШ-тың аймақтағы белсенділігі уақытша сипатқа ие ме, әлде ұзақ мерзімді үрдіске айнала ма деген сұрақ.

Қытай АҚШ-тың саяси ықпалын арттыруға ұмтылып отырғанын байқап отыр, алайда экономикалық өзара байланыстар мен инвестициялар көлемі тұрғысынан Бейжіңнің позициясы берік екенін де жақсы біледі. Осыған байланысты Қытай бұл жағдайға салмақты әрі сақтықпен қарайды.

– Бұл үдерістің қандай тәуекелдері бар?

АҚШ саясатының тұрақсыздығы бар. Реакция ретінде аймақта Ресей мен Қытайдың қысымының артуы, мәлімдемелер мен келісімдердің нақты саясатқа айналмай қалу қаупі, геосаяси бәсекенің күшеюі мүмкін.

Аймақ үшін де, АҚШ үшін де тұрақтылық формуласы – салмақты дипломатия, теңгерім және эмоциясыз стратегиялық есеп.

– Жалпы қорытынды қандай?

Бұл дипломатиялық ишараны бірнеше деңгейде бағалауға болады. Бұл – жәй белгі де емес, түбегейлі бұрылыс та емес. Бұл – маңызды геосаяси қадам, шынайы мүмкіндік, бірақ есепті ұстамдылықты талап ететін процесс.

Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп әрі бәсекелесе отырып геосаяси эффект жасап отыр. Орталық Азия бұрынғыдай сыртқы күштердің объектісі емес, геосаяси кеңістікті өз мүддесіне қарай қалыптастыра алатын субъектке айналып келеді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы