Трамптың ФРЖ-ға қысымы Ұлттық қор мен теңгеге қалай әсер етеді?

Федералды резерв жүйесінің шешімі әлемдік нарықты шайқалтуы мүмкін.

Кеше 2026, 09:36
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Кеше 2026, 09:36
Кеше 2026, 09:36
500
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

АҚШ президенті Доналд Трамп тарапынан Федералды резерв жүйесіне (ФРЖ) жасалып отырған қысым әлем нарығына әсер етуі мүмкін. Бұл жайлы экономист Айбар Олжай жазды.

Трамптың жаңа «арманы»

Экономистің сөзінше, Трамптың қазіргі басты мақсатының бірі - ФРЖ-ның базалық мөлшерлемесін төмендету. Алайда сарапшылар мұндай шешімнің экономикалық негізі әлсіз екенін айтып отыр.

Қазіргі таңда АҚШ-тағы базалық мөлшерлеме 3,50-3,75% деңгейінде. Сонымен қатар инфляция көрсеткіштері де жоғары болып отыр: CPI - 3,8%, PCE - 3,5%.

Айбар Олжай мұндай жағдайда мөлшерлемені төмендету инфляцияны қайта күшейтуі мүмкін екенін жазады.

Мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені түсіру онсыз да жанайын деп тұрған инфляция шоғын үрлеу екенін экономистер жақсы біледі. Ал Трамп дәл осы кезде Кевин Уоршты ФРЖ басшылығына алып келді және оның өтеуі ретінде Уорштан базалық мөлшерлемені 3-3,25 аралығына түсіруді табандап талап етіп отыр, - дейді Айбар Олжай.

CPI мен PCE деген не?

Айбар Олжай Америкадағы инфляцияны өлшейтін негізгі екі көрсеткішті былай көрсетеді.CPI - тұтыну бағаларының индексі. Ол қарапайым халық үшін тауарлар мен қызметтердің қаншалықты қымбаттағанын көрсетеді. Ал PCE - жеке тұтыну шығындарының индексі. Бұл көрсеткіш адамдардың ақшаны нақты қалай жұмсап жатқанын есепке алады.

PCE “адамдардың нақты тұтынуы қаншаға қымбаттады?” деген сұраққа жауап береді. ФРЖ көбіне PCE көрсеткішіне сүйенеді. Себебі PCE кеңірек, икемдірек және тұтынушылардың нақты мінез-құлқын жақсырақ көрсетеді,- дейді Айбар Олжай.

АҚШ-тағы шешім Қазақстанға неге маңызды?

Сарапшының пікірінше, доллар әлі де әлемдік қаржы жүйесінің негізгі валютасы болып отыр. Сондықтан АҚШ-тағы мөлшерлеме өзгерісі мұнай бағасына, алтынға, дамушы елдердің валюталарына және теңгеге дейін әсер етеді.

Егер ФРЖ мөлшерлемесі төмендесе, доллар әлсіреуі мүмкін, АҚШ облигациялары арзандайды, акция нарығы өсіп, алтын қымбаттайды.

Егер федералды резервтің жаңа басшысы Кевин Уорш президент Трампты тыңдап мөлшерлемені төмендете бастаса, доллар әлсіреп, трежерис, яғни АҚШ мемлекеттік облигацияларының жаңа шығарылымдары арзандап, керісінше акция нарығында өсу басталады. Алтын тағы қымбаттай бастамақ, - дейді Айбар Олжай.

Carry trade және теңге

Айбар Олжайдың айтуынша, доллар әлсіресе инвесторлар дамушы елдердің валюталарына қайта қызығушылық таныта бастайды.

Бұл жерде carry trade стратегиясы іске қосылады. Яғни инвесторлар арзан долларлық қаржы алып, табыстылығы жоғары елдердің активтеріне ақша салады.

Өткенде теңге күшейгенде біз мұны көрдік. Себебі біздегі жоғары мөлшерлеме идеалды арбитражға жол ашады. Теңге сынды тұрақты валютамен жылдық 17% табыс. Бұл кез-келген инвестор үшін жерден алтын тауып алғанмен бірдей, - дейді Айбар Олжай.

Сарапшы мұндай жағдайда теңгеге қысым азаюы мүмкін екенін айтады. Алайда ұлттық валютаның тағдыры тек ФРЖ шешіміне байланысты емес.

Ұлттық қорға әсері қандай?

Экономистің жазуынша, ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуі Қазақстанның Ұлттық қорына екі түрлі әсер беруі мүмкін.

Бір жағынан, бұрын жоғары пайызбен сатып алынған облигациялар қымбаттайды. Бұл қорға қосымша табыс әкелуі ықтимал. Екінші жағынан, жаңа облигациялар бұрынғыдай жоғары кіріс әкелмейді.

Егер АҚШ-та мөлшерлеме төмендесе, Ұлттық қордың портфеліне жаңадан алынатын облигациялар бұрынғыдай жоғары купон бермейді. Яғни қордың консервативті бөлігінің болашақ табыстылығы біртіндеп төмендейді,- дейді Айбар Олжай.

Сарапшының мәліметінше, өткен айда Қазақстанның Ұлттық қорының активтері 64,8 млрд долларға дейін өскен.

Алтын резервтері де өсуі мүмкін

Айбар Олжай халықаралық резервтерге әсер ететін 3 негізгі факторды атап өтті. Атап айтқанда алтын бағасының өзгеруі, облигациялық портфельдің қайта бағалануы, ішкі валюталық операциялар.

Егер доллар әлсіресе, алтын әдетте қымбаттайды. Қазақстан үшін бұл маңызды. Себебі алтын резервтердің елеулі бөлігін құрайды. Мөлшерлеме төмендеп, доллар әлсіресе, резервтегі алтынның доллармен есептелген құны өсуі мүмкін, - дейді Айбар Олжай.

Оның айтуынша, 2026 жылғы сәуірде Қазақстанның халықаралық резервтері 67,78 млрд долларға дейін өскен.

Негізгі қауіп - ФРЖ тәуелсіздігі

Экономистің пікірінше, ең үлкен қауіп - Федералды резерв жүйесінің саяси ықпалға түсуі.

Егер нарық ФРС шешімдерін саясатпен байланыстыра бастаса, әлемдік экономикада жаңа турбулентті кезең басталуы мүмкін.

Егер бұл шешім Федералды резерв жүйесінің саяси тәуелсіздігіне бүкіл әлем бойынша күмән тудырса, онда жағдай қауіпті. Доллар бастапқыда әлсірер, бірақ инфляциялық күтулер өссе, планетадағы нарық қиын турбулентті кезеңге аяқ басады, - дейді Айбар Олжай.

Наверх