Ұлыбританияның премьер-министрі жаһандану мен ескі дүниежүзілік тәртіптің аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Sunday Telegraph басылымында жарияланған мақаласында: «Соңғы жылдары қалыптасқан дүниежүзілік тәртіп жойылды, бұрынғы әлем туралы көзқарастарды енді күмәнсіз қабылдауға болмайды және жаңа ережелерді қабылдау керек» деген пікір білдірді.
Ол жаңа әлем бұрынғыдай «бекітілген ережелерге» емес, «келісімдер мен альянстарға» негізделетінін атап өтті.
Стармер сауда соғысында ешкім жеңбейтінін ескертті, Ұлыбритания мен бүкіл әлемді ауыр экономикалық салдарлар күтіп тұрғанын жасырмады.
Британ премьері ұлттық мүдделерді қорғау үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға уәде беріп, еркін және ашық сауда идеясын қолдауды жалғастыратынын атап өтті.
The Times басылымының хабарлауынша, дүйсенбі күні Стармер жаһандану аяқталғанын жариялап, «өсуге ынталандыру үшін шешімді және жылдам әрекет ету қажеттілігін» түсіндіреді.
«Трамп біз келіспейтін қадам жасады, бірақ адамдар оның бұл қадамды қолдайтын себебі бар. Әлем өзгерді, жаһандану аяқталды, енді жаңа дәуірге қадам басқанымызды айтқым келеді», - деп келтіреді басылым Стармердің кеңсесі берген түсініктемені.
Айта кетейік, 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп 185 елден әкелінетін тауарларға «өзара» баж салығын енгізетінін жариялады. Кейбір мемлекеттер үшін бұл баж салығы 50 пайызға жетуі мүмкін, ал Ұлыбритания үшін 10 пайызды құрайды.