Беларусьта бұрын түрлі баптар бойынша сотталған 123 адамға рақымшылық жасалды. Тиісті шешімді ел президенті Александр Лукашенко қабылдаған, деп BAQ.KZ БЕЛТА-ға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, рақымшылық АҚШ президенті Дональд Трамппен жасалған уағдаластық аясында және оның өтініші бойынша жүзеге асқан.
Бұл шешім АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігі енгізген Беларусьтің калий өнеркәсібіне қатысты санкциялардың алынуымен, сондай-ақ өзге де шектеу шараларын қайта қарау үдерісінің басталуымен тұспа-тұс қабылданды.
Баспасөз қызметінде атап өтілгендей, рақымшылыққа іліккендер Беларусь заңнамасына сәйкес тыңшылық, терроризм және экстремистік қызметті қоса алғанда, түрлі сипаттағы қылмыстар үшін сотталған.
Босатылғандардың арасында Ұлыбритания, АҚШ, Литва, Украина, Латвия, Аустралия және Жапония азаматтары бар.
Сондай-ақ бұл шешім шетелдік көшбасшылардың өтініштері ескеріле отырып, гуманитарлық себептерге, жалпыадамзаттық және отбасылық құндылықтарға сүйене отырып қабылданғаны айтылды. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл қадам серіктес елдермен қарым-қатынасты дамытуға және Еуропадағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған.
Қараша айының соңында қабылданған алдыңғы шешімдерді қоса алғанда, соңғы уақытта рақымшылық жасалғандардың жалпы саны 156 адамға жетті.