Жапонияның АҚШ-қа экспорты тамыз айында өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 13,8%-ға төмендеп, қатарынан бесінші ай құлдырап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген автокөлікке қатысты баж салығы әсер еткен.
Жапония Қаржы министрлігі сәрсенбіде жариялаған деректерге сәйкес, шілде айындағы құлдырау қарқыны 10,1% болса, тамызда ол одан да төмендеген.
АҚШ билігі жапон автокөліктері мен автокомпоненттеріне салынған баж салығын бастапқы 27,5%-дан 15%-ға төмендеткенімен, бұл көрсеткіш бұрынғы 2,5%-дан әлі де жоғары. Ал жарияланған мәліметтер тамыз айына қатысты болғандықтан, ол кезде баж салығы әлі жоғары деңгейде тұрған.
Жалпы алғанда, Жапония экспорты айтарлықтай өзгермей, небәрі 0,1%-ға төмендеді. Бұл Еуропа мен Таяу Шығысқа экспорт көлемінің артуымен байланысты.
Алдын ала деректерге сәйкес, тамыз айында Жапонияның басқа елдерден импорт көлемі 5,2%-ға азайған. Импорт Қытайдан 2,1%-ға артса, Қытайға экспорт 0,5%-ға қысқарды. АҚШ-тан импорт көлемі бір жыл ішінде 11,6%-ға өсті.
Әлемдік нарықта азық-түлік экспорты 18%-ға, кеме жөнелтілімі шамамен 25%-ға артқан. Сондай-ақ Жапонияның компьютер импорты өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға, әуе кемелерін әкелу көлемі 21%-ға өскен.